Кәсіподақ белсенділері Елбасы Үндеуін талқылады
Бүгін білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыровтың басшылығымен Пленум және атқару комитетінің отырысы өтті. Алқалы шара барысында Елбасы Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі талқыланды.
Шараға Алматы облысының кәсіподақ орталығының төрағасы Ә.Қыдырманов, атқару комитетінің мүшелері, аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттері мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Негізгі баяндаманы жасаған кәсіподақ көшбасшысы С.Әбдіқадыров бес бастамаға жеке-жеке тоқталып, осы бағыттар бойынша облыста атқарылып жатқан игі шаралар жайлы айтып берді. «Мемлекет басшысының Үндеуіндегі барлық бастамалар білім саласы қызметкерлерінің өмірлік мүдделеріне қатысты және оларды іске асыру әрбір мұғалімнің әл-ауқаты мен көңіл-күйіне жағымды әсер еткені сөзсіз», - деді Садық Нұрсапаұлы өз сөзінде.
Сонымен қатар І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіндегі кәсіподақ комитетінің төрағасы Ерлан Қаймолданов білімгерлерді жатаханамен қамту мәселесіне қатысты пікірін білдірді. Ұйым жетекшісінің айтуынша аталмыш университетте 524 орындық екі жатақханада шалғайдағы елді мекеннен келген, әлеуметтік жағынан аз қорғалған, көпбалалы отбасынан шыққан студенттер тұрады. Бұдан бөлек облыс орталығындағы білім ордасына жатақхана қажеттігі туындап отыр.
Мұнан соң Панфилов аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мақытбек Тұрлыбеков, Талдықорған сервис және технологиялар колледжі бастауыш ұйымының төрайымы Виктория Никулина сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.
Сонымен қатар, күн тәртібіне сәйкес Ақсу аудандық және Талдықорған қалалық кәсіподақ комитеттерінің жарғылық мақсаттар мен міндеттерді іске асыруы, есеп беру – сайлау науқанын өткізу туралы мәселелер қаралып, тиісті қаулылар қабылданды.
Білім және ғылым қызметкерлері
кәсіподағы Талдықорған аумақтық
ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-