Мен – жас қанаты елімнің
Жуырда, 2-5 мамыр аралығында Атырау қалалық білім бөлімі мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы» Қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық ұйымы Атырау қалалық комитетінің ұйымдастыруымен ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастарды өнерге шақыру, өнерлі жастарды көпшілікке таныстыру, салт-дәстүрімізді насихаттау мақсатында Елбасы ҚР президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қала мектептері жас ұстаздары мен балабақша жас тәрбиешілерінің арасында «Мен жас қанаты елімнің» атты өнер фестивалі өткізілді.
Шарада қаланың жас шамалары 19-25 жас аралығындағы ең белсенді жас ұстаздары эстрадалық ән, дәстүрлі ән, терме, күй, би жанрлары бойынша бақ сынасты. Нәтижесінде үздіктер финалдық жарысқа жодама алып, фестиваль лауреаттары анықталды. Атап айтқанда, эстрадалық ән номинациясынан жүлделі 1 орынды Рыспаева Флора, дәстүрлі ән бойынша Жолдасқали Аяулым, ал би номинациясынан «Шашу» бишілер тобы иеленді.
Аталмыш шара жыл сайын қалалық кәсіподақ комитетінің бастамасымен дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Барлық жеңімпаздар кәсіподақ атынан грамоталармен, қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Алдағы уақытта да мұндай игі шаралар кәсіподақ тарапынан өз жалғасын таба берері сөзсіз.
Орынгүл МАХМУДОВА
-
Фотографии
-