
ҚАУІПСІЗ ЕҢБЕК – ӘРБІР АДАМНЫҢ ҚҰҚЫҒЫ
Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнінеорай Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы аймақтық салалық кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе отырып «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» аймақтық конкурс-байқауын өткізді.
Аталмыш бәсекеде қатысушылар 2 кезеңнен тұратын сыннан өтті. Алғашқы турда қатысушылар еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау заңнамасы бойынша теориялық білімдерін дәлелдеп, тесттен өтсе, екіншісінде робот-манекенде алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсету (қолдан тыныс алдыру) бойынша практикалық жаттығу жасады.
Қазылар алқасы қос сайысты қорытындылай келе үздіктерді анықтады. Нәтижесінде II орынды Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Жамбыл облыстық ұйымының атынан қатысқан Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінің өндірістік оқыту шебері, техникалық инспектор Ақсәуле Садықова қанжығасына байлады.
Бүгінде 60 000 астам мүшесі бар білім саласы атынан байқауға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінген Ақсәуле Садықова байқауда білімін ғана сынап қоймай, сонымен қатар өзіне жүктелген жауапкершілік пен міндеттің қаншалықты ауыр екендігін сезінгенін айтады.
- Негізгі қызметім – өндірістік оқыту шебері. Техникалық инспектордың жұмысын да қоғамдық бастамада қоса атқарып келемін. Қауіпсіз еңбек – әрбір адамның құқығы. Сондықтан, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша алдын алу жұмысы техникалық инспекторларсыз толыққанды болмайды. Мен үшін «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» конкурсына қатысу үлкен абырой. Ал кілең ер адамдардың арасында жарысқа қатысып, жеңімпаз атануым қуантарлық жағдай. Бұл жеңіс менің әріптестерімнің қауіпсіз еңбегіне берілген үлкен баға деп білемін, - дейді Ақсауле Нурабайқызы.
Жарыс соңында ұйымдастырушылар тарапынан барлық жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-