Құрметті еңбек демалысына шығарып салу
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымының ұжымы Жампейісов Ғизат Омарбекұлын құрметті еңбек демалысына салтанатты түрде шығарып салды. Оған Талдықорған қаласындағы білім беру мекемелері бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары да қатысты.
Жампейісов Ғизат Омарбекұлының мамандығы заңгер, кәсіподақ саласындағы қызметін 1987 жылы ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағында құқықтық мәселелер бойынша инспектор болып бастаған. Еңбек жолының 20 жылдан астам уақытын кәсіподақ саласында, оның ішінде білім саласы қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғап, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымында бас маман болып қызмет етті.
Жиын барысында Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы С.Әбдіқадыров, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары Ұ.Жақыбаева, В.Никулина, бақылау – тексеру комиссиясының төрағасы Н.Тұмбаев, облыс орталығындағы № 4 орта мектептің директоры А.Оңғаровтар құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
«Құрметті Ғизат Омарбекұлы! Сізді облыс тұрғындары еңбекқор, білімді де білікті азамат ретінде танып, әрдайым мақтан тұтады. Ұзақ жылдар құқық қорғау саласында жемісті еңбек еттіңіз. Еңбексүйгіштігіңіздің арқасында білім саласы қызметкерлерінің еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғауда белсенділік танытып, кәсіподақ саласының дамуына зор үлес қосып келесіз. Адам өмірінің айтулы белесі – 63 жасқа толуыңызбен құттықтаймын! Еңбегіңіз еленіп, құрметті демалысқа шыққан қуанышты күніңіз құтты болсын! Ендігі сол еңбектің зейнетін көріп, ауырмай балаларыңыз бен немерелеріңіздің ортасында ардақты әке, асыл ата деген атты иеленіп жүре беріңіз!», - деді өз құттықтауында ұйым төрағасы Садық Нұрсапаұлы.
Білім және ғылымқызметкерлері кәсіптік одағы
Талдықорған аумақтық ұйымыныңбаспасөз қызметі
-
Фотографии
-