
Ескелді ауданында еске алу турнирі өтті
Арамызда жүрген жақсы адам өмірден өтіп кетсе де,
көңілден ешқашан өшпек емес
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымына қарасты Ескелді аудандық комитетінің ұйымдастыруымен кәсіподақ мүшелері арасында волейболдан турнир өтті. Жарыс ұзақ жылдар Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті басқарған Мәлік Аумханұлы Бөгенбаевты еске алу мақсатында ұйымдастырылды.
М.Бөгенбаев еңбек жолын 1990 жылы Ескелді ауданы Рүстембеков атындағы орта мектебінде мұғалім болып бастаған. Жас та болса білікті маман ретінде көзге түсіп, 1994 жылы О.Кошевой атындағы орталау мектебіне директор болып, кейіннен Қоржынбай бастауыш мектебінің директоры қызметін атқарды. 2002 жылы Ақын Сара ауылындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебіне директор болып тағайындалып, өмірден өткенше осы ұжымда шәкірт тәрбиелеп, ұлағатты ұстаз, білікті басшы бола білді.
Ұстазды еске алу турниріне аудан мектептерінен 14 команда қатысты. Турнирдің ашылуы салтанатында мектеп директоры Ш.Бозов, Ескелді аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы А.Айтбузинова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған спорттық шара өте жоғары деңгейде өтті. 14 команданың ішінен дара шыққан Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің командасы I орынды еншіледі. Тиісінше Б.Жолбарысұлы атындағы орта мектептің ойыншылары II орынды, ал М.Байысов атындағы орта мектептің командасы ІІІ орынды иеленді. Спорттық додаға қатысқан барлық командаларға демеушілер атынан ақшалай сыйлықтар берілді.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командаларын ұйымдастырушылар атынан Ескелді аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы А.Айтбузинова құттықтап, ауыспалы кубокты тапсырып, арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтармен марапаттады.
Сонымен қатар, Ш.Уәлиханов атындағы мектептің, «Балапан» балабақшасының, Ақешкі бастауыш мектебінің ұжымдары демеушілік көрсетіп, турнирдің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты. Соңында марқұмды еске алуға арналған түскі ас беріліп, құран бағышталды.
ГҮЛНАР БАЙСАҚОВА
Ескелді аудандық комитетінің
сектор- меңгерушісі
-
Фотографии
-