
КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНҒАН КЕЛІСІМ
Өткен жұмада Қордай ауданында әлеуметтік әріптестік туралы облыс әкімдігінің білім басқармасы мен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жамбыл облыстық ұйымы арасында 2018-2020 жылдарға жасалған Келісімнің нормаларын түсіндіру мақсатында семинар өтті. Семинарға аудандық білім мекемелерінің басшылары, балабақша меңгерушілері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен ұстаздар қатысты.
Жиынды ашқан аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы міндетін атқарушы Совет Жасыбаев арнайы құрылған ақпараттық насихат тобының мүшелерін таныстырып өтіп, алдағы ұстаздардың біліктілігін көтеруге байланысты аттестациядан өтуге дайындалып жатқан мұғалімдер үшін семинардың берері мол болатынына сенім білдірді. Алғашқы болып сөз алған Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес жалақы төлеу, еңбек жағдайларын оңтайлы ету, қызметкерге заңмен көзделген кепілдіктер мен жеңілдіктердің сақталуын және олардың деңгейін арттыра түсуге мүмкіндік біретін бірден бір заңды құрал, пәрменді әрекет келісімдер мен ұжымдық шарттар жасау арқылы жүзеге асырылатынын, кез-келген мекеме басшысына еңбек қатынастары барысында туындайтын проблемалар мен түйткілдерді әрбір қызметкермен жеке дара шешкеннен гөрі олардың заңды өкілі – кәсіподақ ұйымдарымен мәмілеге келген анағұрлым тиімді екендігін айтып өтіп, сөз кезегін заңгер мамандарға берді.
Өз кезегінде кәсіподақтың бас инспекторы Берік Баймағамбетов Келісімнің әр тарауына жеке-жеке тоқтап, онда орын алған өзгерістерге егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Ал Біріккен комитет төрағасы Жанболат Орынбеков Елбасы тапсырмасына сәйкес ұстаздардың жалақысын арттыруға байланысты олардың біліктілігін дәлелдеуі қажеттігін және оның жолдары мен тәртібін тәптіштеп түсіндіріп берді.
Жиын соңында ұстаздар мен мекеме басшылары тарапынан 9 айлық курс бітірген мектеп директорларына қосымша үстеме ақының төленбеуі, іссапарға шыққан ұстаздарға іссапар шығындарын төлеу тәртібі, 25 жыл еңбек өтілі бар бірақ біліктілік категориясы жоқ мұғалімдердің біліктілігін көтеру мен зейнет жасы алдындағы қызметкерлерге төленетін бір реттік төлем, сағат сандары мен жалақы мөлшерінің зейнетақы мөлшеріне әсері сынды бірқатар сұрақтар көтеріліп, тиісті заңгер-мамандар тарапынан жауаптар қайтарылды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-