
ӨНЕРЛІ ҰСТАЗДАРДЫҢ ФЕСТИВАЛІ
Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында педагогтар мен қызметкерлердің туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, қазақ халқының және Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің тілін, мәдениетін, салт-дәстүрлерін насихаттау, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін паш ету, озық іс-тәжірибелерін тарату, өскелең жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, патриоттық сезімдерін ояту мақсатында өтіп жатқан «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты аудандық педагогикалық көркемөнерпаздар шығармашылығының VІІ аудандық гала-концерті Шу ауданында өтті.
Аудандық мәдениет үйінде өткен ұстаздардың өнер мерекесін тамашалауға білім мекемелерінің басшылары, ұстаздар қауымы мен аудан жұртшылығы түгел жиналды. Сахна шымылдығының көтерілуімен бірдей киінген 120 адамдық хор Алтынбек Қоразбаевтың «Қазақстан» әні мен Еркен Ынтықбаевтың «Қазақ елі» әнін хор жанрының спецификасына сәйкес өзіндік вокалды-техникалық дауыстардың ерекшеліктерімен, шығарманың мазмұндық ерекшелігін жеткізе отырып орындап шықты. М.Мақатев атындағы орта мектебі мен С.Ғабдуллин атындағы орта мектептерінің ұстаздарынан құралған хор құрамында аудандық білім бөлімінің басшысы Майра Базарова мен аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Алтын Сихимова қатар тұрды. Осыдан-ақ, шулық ұстаздардың қойғалы отырған концертінің қарапайым болмайтындығы білініп тұрды.
Аты да, шығармасы да аңызға айналған, тіпті, 2011 жылы Шу қаласында шығармасына ескерткіш орнатылған Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін Саз мектебінің ұстаздары орындап шықты. Сондай-ақ, Ә.Еспаев атындағы №1 Саз мектебінің мұғалімі Ақтілек Дүйсебаеваның орындаған «Майраның әні», Әл-Фараби атындағы орта мектептің мұғалімі Арайлым Адильбекованың орындаған «Қазақ вальсі», Бағдат Рланов пен Ерлік Ахановтың орындауындағы «Жолың болсын, жолаушы!» әндері тыңдармандардың құлақ құрышын қандырып, әдемі орындалды.
Фестивальдің тағы бір кереметі ол – ауданның ардагер ұстаздарынан құрылған «Ұлағат отауы» тобының орындаған қазақ әндерінен попурри болды. Вальс королі атанған Шәмшіден бастап, бүгінгі композиторлардың әндерін ерекше орындап шыққан ардагер ұстаздардың қатарында бұрынғы кәсіподақ төрайымы Қамажай Иманбаева, аудандық білім бөлімінің басшысы болған ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Құрмет орденінің» иегері Гүлжаһан Кәрібайқызы сынды ұлағатты ұстаздар болды.
Фестиваль соңында қазылар алқасы үздік нөмірлерді ерекше атап өтіп, «Бір бала» халық әнін орындаған Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясының вокал тобы мен «Қазақ вальсі» әнін орындаған Әл-Фараби атындағы орта мектептің мұғалімі Арайлым Адильбекованы облыстық фестивальде өнер көрсетуге шақырды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-