
МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбдіманап Бектұрғановтың өз сайлаушыларымен кездесуі өтті. Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғановпен кездесуге салалық кәсіподақтардың төрағалары мен бастауыш кәсіподақ ұйымының жетекшілері, кәсіподақ белсенділері қатысты.
Кездесуді кіріспе сөзбен ашқан кәсіподақтар орталығының төрағасы Мейрамбек Төлепберген халықтың жағдайымен жете танысу, олармен тығыз қарым-қатынаста болу халық қалаулыларының мақсаты болып табылатынын, осындай мақсаттың негізінде кездесуге, ұсыныс-пікірлерді тыңдауға еліміздің Парламент Мәжілісінің депутаты келіп отырғанын айтып, алғашқы сөз кезегін Әбдіманап Бектұрғановқа берді.
Өз сөзін Ел Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған әр Жолдауы, мақаласы және Үндеулері – аса өзекті, стратегиялық маңызға ие тарихи саяси құжаттар болып табылатынын, оларды халық арасында насихаттау мақсатында жиналып отырғанымызды түсіндіруден бастаған депутат жаңғырудың негізі болып табылатын адам капиталын дамыту мәселесіне кеңінен тоқталды.
Жиын барысында кәсіподақ саласының ардагері Оңласын Есіркепов «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР заңында қарастырылған «локальді кәсіподақтар» туралы мәселені қайта қарау керектігін айтса, «Казфосфат» ЖШС-нің кәсіподақ төрағасы Шахтыбай Байғанов химия саласында ұзық жыл еңбек еткен азаматтардың жасына қарай зейнетке шығу мәселесін көтерді. Білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков болса ұстаздардың жалақысын көтеру, әдістемелік кабинет меңгерушілеріне қосымша ақы төлеу, «Назарбаев мектептері» базасында білімін жетілдірген ұстаздардың еңбек ақысына көтерме ақы төлеу сынды білім саласының өзекті бірқатар мәселелерін халық қалаулысына назарда ұстауға шақырып, шешіп беруге септік етуді сұрады.
Кейбір мәселелерге жазбаша жауап қайтаратынын, кейбіріне кездесу барысында жауап қайтарған Мәжіліс депутаты мазмұнды әңгімелері үшін алғыс сезімін білдіріп, кәсіподақ белсенділерінің азды-көпті ұсыныс-пікірлерін тиісті органдарға жолдауға ықпал ететінін жеткізді.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-