
ЖАСТАРҒА ЖАҢА ТӨРАҒА САЙЛАНДЫ
Облысымыздағы іргелі жоғары оқу орындарының бірі - М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-де жастар қауымдастығына қатысты елеулі оқиға орын алды. Атап айтқанда, ТарМУ студенттік кәсіподақ ұйымының VI кезектен тыс сайлау конференциясы өткізілді.
Облыстық салалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаева, ТарМУ ректоры, профессор Мақметғали Сарыбеков, облыстық салалық кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Ерұлан Мағзымбеков, ТарМУ кәсіподақ ұйымының төрағасы Берік Құсайынов секілді салаға қатысы бар білікті мамандар қатасқан жиынның күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Олар – ТарМУ студенттік кәсіподақ ұйымының төрағасын сайлау, тексеру комиссиясының құрамына өзгертулер мен толықтырулар енгізу, студенттік кәсіподақ комитетінің құрамына өзгертулер мен толықтырулар енгізу және кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының құрамына жолданатын өкілді алмастыру деген мәселелерді қамтыды.
Конференция барысында бұған дейін төрт жылдық мерзім аралығында өз қызметін мейлінше абыроймен атқарып келген ТарМУ студенттік кәсіподақ ұйымының төрағасы Файзулла Сағымбаев әріптестері алдында мерзімді кезеңде атқарған жұмыстары туралы қорытынды есеп берді. Бұдан соң жарыссөзге шығушы азаматтарға сөз кезегі берілді. Осыған орай ТарМУ заң факультетінің 4 курс студенті, «Жас Отан» жастар қанатының университет бойынша жетекшісі Дастан Адамбаев және студенттік кәсіподақ шәкіртақысының иегері Жансауле Жамбылқызы сөз алып, әріптестерінің атқарған жұмыстарына алғыс сезімдерін білдіретіндіктерін жеткізіп, жаңадан тағайындалмақ төрағаның ісіне сәттілік тілейтіндіктерін білдірді.
Өз кезегінде күн тәртібіндегі бірінші мәселеге қатысты өз ойын ТарМУ ректоры Мақметғали Сарыбеков те ортаға салды. Ол студенттік кәсіподақ ұйымы төрағасының басты міндеті студент жастардың құқықтарын қорғау болып табылатындығын айтып, осы жолда кәсіподақ басшысы студенттердің тұрмыстық жағдайларының қандай екендігіне, соны жақсарту үшін кәсіподақ атынан қандай шаралардың қолға алынуы тиістігіне; қолжетімді, сапалы білім алуға жағдай жасауда соған белсенділік танытуға; университет тарапынан жастарға жасалып жатқан мемлекеттік қызметтің сапасын қадағалауға; кәсіподақ мүшелерінің қатырын көбейтуге баса назар аудары қажеттігін ескертті. Сөйтіп, жаңадан тағайындалғалы отырған төрағаға болашақта жоғарыда айтылған мәселелерді басшылыққа ала отырып, жұмыс істеуі тиістігін құлаққағыс етті.
Қорыта айтқанда, конференцияның соңында мұның алдында облыстық салалық кәсіподақ ұйымының атына өз еркімен орнынан босатылғысы келетіндігін мәлімдеп, өтініш хат жазған Файзулла Сағымбаевтың өтініші қанағаттандырылып, оның орнына таласқан үш кандидатураның өтініштері ескеріліп, дауысқа салынды. Нәтижесінде Көкежан Бақытжанның кандидатурасы жоғары оқу орнының төменгі курсында оқитындығына байланысты дауысқа салудан алынып тасталғасын, дауысқа салу барысында қарсыласы Сәуіржан Жақаевтан (34) екі артық дауысқа ие болған Асхат Олжабаев (36) ТарМУ студенттік кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланды. Жиында қаралған күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданып, шешімдер шығарылды.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ,ЖАМБЫЛ облысы
-
Фотографии
-