Мазмұнды кездесу
Жуырда ғана Атырау облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Елеманов Саламат Қабдоллаұлы, «қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайненов Қилымғали Қайненұлы бастаған құрам Атырау облысы, Махамбет ауданына қарасты Береке ауылының Береке орта мектебінде жоспарлы кездесуде болып қайтты.
Кездесу барысында «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Еласымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған биылғы Жолдауы талқыланып, соның ішіндегі «Адами капитал –жаңғыру негізі»атты 7-бағытқа қатысты сөз қозғалды.
Жиын барысындаАтырау облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Елеманов Саламат Қабдоллаұлы аталмыш Жолдаудың 7-бағытына қатысты өз ойын ортаға салды: – Елбасымыз бізге бұл Жолдау арқылы сансыз міндеттер жүктеді. Біз дамыған елдер қатарында болуымыз керек. Дамыған елдерде қалай? Оларда жас мамандардың көпшілігі қарапайым өндірісте жасайтын мамандықтарды таңдайды. Экономиканың негізгі қозғаушысы – солар. Ал біз көбінесе заңгер, экономист сынды мамандықтарға ғана мән береміз. Сондықтан, осы нәрселерге көңіл аударуымыз қажет.
Сондай-ақ, бізде мұнайшы болуға ұмтылатындар саны толастар емес.
Мұнай да мәңгілік емес, ол да таусылады. Сол кезде оның орнын баламалы энергия көздері алмастырады. Неге қазірден бастап сондай сала мамандарын даярламасқа?! Күннен, желден энергия алатын баламалы қуат көздерін даярлайтын өндірістер мамандарын қалай дайындауға болады? Сұранысқа ие мамандық иелерін дайындай білсек нұр үстіне нұр болар еді.
Өндірістің өнімділігін арттыратын солар.
Жалпы, кәсіподақ жүйесі 4 сатыдан қалыптастырылған: 1саты – бастауыш кәміподақ ұйымдары, яғни, мына сіздер. 2-саты – облыстық әлеуметтік әріптестік мүшелері, 3-шісі – салалық кәсіподақ, 4-саты - республикалық деңгей. Жуырда бас келісімге қол қойылып, міндеттер анықталды. Соған орай жол картасы да жасалып жатыр. Мұның бәрі де – кәсіподақтың оң қырынан өзгеруіне мүмкіндік беретін жағдаяттар. Кәсіподақ ол сыйлық ебретін ұйым емес, ол ең алдымен мына сіз бен біздің заңдылығымызды қолдаушы. Яғни, ең алдымен құқық қорғайтын орын. Осыны естен шығармай, осыбағытта істер атқара беруіміз қажет.
Одан кейін атырау облыстық білім дәне ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы төрағасы Қ.Қайненов сөз алып, нақты облыстағы көрсеткіштерге, нақты атқарылған істерге сүйене отырып, тұшымды мәлімдеме жасады:
«Биылғы Жолдаудың бір ерекшелігі – елбасымыз еліміздегі ұстаздарды әлеуметтік қорғауға басымдылық бере отырып, педагог мәртебесін арттыру мақсатымен үкіметке, құзырлы органдарға бірқатар маңызды міндеттер жүктеді. Соның ішінде – ұстаздардың жалақысын көтеру мәселесін нақты көрсетті. Бұл мәселе біраз уақыттан бері республика көлемінде ҚР білім және ғылым министрлігі мен қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының бірлесіп, парламент депутаттарының алдына, үкімет алдына қойып жүрген мәселесі болатын. Соның нәтижесінде, биылғы Президент Жолдауында нақты тапсырма берілді: осы 2018 жылдың 1 қаңтардан бастап жаңартылған мазмұнға сай сабақ беретін мұғалімдердің лауазымдық еңбекақысы 30 пайызға ұлғаяды.Мұның өзі кезең-кезеңмен жүзеге асатындығы белгілі. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап 1,2,5,7 сынып ұстаздары, ал 1 қыркүйектен бастап бұған 3,8,9 сынып ұстаздары қосылады, 2019 жылдың 1 қыркүйегінен 4, 10 сынып, ал, 2020 жылдың 1 қырүйегінен бастап 11 сынып, яғни, барлық ұстаздардыңайлықақысы аталмыш 30 пайыз деңгейінде өсіріледі.
Сондай-ақ, аттестациялаудың әлемдік стандартқа сай жаңа түрінен өткен ұстаздардың осының үстіне тағы да 30-50 пайыз аралығында жалақысы өсірілмек.
Атап айтатын болсақ аттестациялау қорытындысы бойынша, Модератор–IIкатегориялыұстазға30 пайыз, сарапшы, яғни, Iкатегориялы ұстазға –35 пайыз, зерттеуші – жоғары категориялы ұстазға 40 пайыз, ал, шебер мұғалімге –50 пайызмөлшерінде негізгі жалақыға үстеме ақы қосылатын болды.
Бұл – ұстаздар қауымын, педагогтарды үлкен әлеуметтік қолдау болып табылады,»– деді ол.
Сондай-ақ, білім қызметкерлеріне қатысты әлі түйіні тарқамай тұрған мәселелер де бар. Оны төраға өз сөзінде былайша жеткізді:
«Мәселен, білім саласындағы көптеген қызыметкерлердіңжалақысын өсіру мәселесі қарастырылмай отыр. Мысалы, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілері, қосымша білім беру пәндерінің ұстаздары, әдіскерлер... Сол сияқты мектептердегі азаматтық қызметкерлер мен техникалық қызыметкерлердің, колледждердің педагогтары мен өндірістік оқу шеберлерінің жалақылары бұрынғы деңгейде қалып отыр. Кәсіподақ білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, республика деңгейінде осы мәселені шешу жолында жұмыстанып жатыр.
Екінші мәселе – барлық білім беру мектептерінің сапасын Назарбаев Зияткерлік мектебіне жеткізу. Ол үшін кәсіподақ тарапынан ұсынарымыз – мынадай қадамдарға назар аударылса дейміз: Назарбаев Зияткерлік мектебінде, сондай-ақ, «APEC Петротехник» жоғары техникалық мектептерінде мұғалімдердің еңбекақыларына қосымша әлеуметтік көмектер, яғни, әлеуметтік пакеттер ұсынылады. Осындай әлеуметтік қолдауларды барлық білім беру ұйымдарының ұстаздарына, қызметкерлеріне көрсету мәселесін көтеріп отырмыз.
Сондай-ақ, тегін медициналық тексеруден ҚР Білім туралы Заңының 48-бабының 4-тармағына сәйкес, тек педагог қызметкерлер өте алады, яғни, техникалық қызметкерлер ескерілмеген. Міне, бұл мәселе бойынша да кәсіподақ атынан өз ойымызды алға тартып жүрміз.
Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағының тағы бір айтары – үкіметке ауылдық жерлерде төленетін үстеме ақыны қаладан және облыс орталығынан орналасу қашықтығына қарай 25 пайыздан жоғары және өзгермелі, икемді желісін құру туралы ұсыныс жасау. Бұдан өзге, ауылдық жерлерде әлеуметтік көмек ретінде коммуналдық шығындарға төленетін 5000 теңгелік жәрдемақы көлемі әлі күнге сол 15-20 жыл бұрын бекітілген бағасымен тұр... Одан бері су, газ, электор желісі сынды коммуналдық шығындар қанша мәрте өскендігін ескеріп, жәрдемақы мөлшерін де соған сай өсіру мәселесін көтеріп отырмыз.»
Бұдан өзге, жиын барысында Төрағаның бастамасымен Білім беру ұйымдарына жүргізілетін жоспарсыз тексерулер, мұғалімді өз міндетінен тыс жұмыстарға тарту мәселелері де қозғалды. Жиналыс болса – ұстаз залды толтыруы шарт, сан түрлі мейрамдарда, әсіресе, ауылдық жерлердегі мәдени-көпшілік шараларда мұғалімдер көркемөнерпаздар концертін қоюға да мәжбүр болып жатады. Сайлау науқандарында үй-үйді аралап, шақыру билеттерін таратып кететін де – мұғалім. Бұл қазіргі таңда әлі де толығымен шешілмей жүрген мәселе. Оны Қайненов былайша қорытты:
«Елбасымыздың Жолдауында айтылған адами капиталды жақсартудың негізі – сапалы білім десек, ал, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беретін – мұғалім болса, оны өз ісіне тікелей қатысы жоқ, тіпті, мүлдем өзге бағыттағы жұмыстарға жұмсап, уақытын алып, алаңдату мәселесі тоқтауы қажет. Бұл мәселе үкімет тарапынан да қолдауға ие болып, тіпті, арнайы заңдылығы да шыққан болатын. Бірақ, әлі де мұндай кемшіліктер жергілікті жерде толастамай тұр.
Қорыта келе айтарым – мен өз баяндамамда ұстаздарға қатысты білім және ғылым кәсіподағы мен білім министрлігінің бірлесе атқарған жұмыстарын, алдағы уақыт еншісіндегі негізгі бағыттарымыздыалға тарттым. Осы айтылғандар болашақта оңтайлы шешімін тауып, ұстаздар қауымының кәдесіне жараса деген тілегіміз бар, үлкен үмітіміз бар!».
Жиын барысында мектеп ұстаздары еш қысылмастан, ашық түрде сұрақтарын, өздерін мазалап жүрген ойларын ашық түрде жеткізе білді. «Біз қалаға ең жақын орналасқан ауылдардың біріміз. Әрі, ауылымызда біздің мектептен үлкен мекеме де жоқ. Сол себепті, біз үнемі сенбіліктерге шығуға мәжбүрміз. Бүл қаншалықты дұрыс?» – деді бір ұстаз. Жауап барысында олар бұл істеліп жүрген шараның заңдылыққа мүлдем қайшы екендігіне көз жеткізді. Сондай-ақ, тұрғын үй, жер мәселелері, жас маман ретінде көрсетілетін мемлекет қолдаулары, жалақының қалай есептелуі жөнінде де біраз сұрақтар қойылып, дер кезінде нақты жауап алынды.
Бұл жиынның ауыл ұстаздарына, олардың құқықтық біліктілігін арттыруға әсері көп болды. Олар алдағы уақытта да осындай түсіндірме жұмыстары жиі жүргізіліп тұрса екен деген ақжарма ниеттерін білдірді.
Орынгүл МАХМУДОВА,Республикалық «Ұстаздық еңбек»
газетінің бас редакторы,Атырау қаласы
-
Фотографии
-