Жетісулық ұстаздардың негізгі міндеті – Жолдауды жүзеге асыру
Бүгін білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымына қарасты Панфилов және Көксу аудандық комитеттері Пленум отырыстарын өткізді.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе - Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жүзеге асыруда кәсіподақ комитеттерінің міндеттері.
Алқалы жиынға білім беру мекемелерінің басшылары, бақылау-тексеру комиссияларының мүшелері, педагогикалық еңбек ардагерлері кеңесінің төрағалары, бастауыш кәсіподақ ұйымдары мен жастар көшбасшылары қатысты.
Шара барысында аудандық кәсіподақ комитеттерінің төрағалары Жолдау негізінде баяндама жасап, оның ішінде білім саласына қатысты жетінші басымдыққа ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы елде жүргізіліп жатқан реформаларды жаңғыртудың негізі болып табылатын білімді әрі қарай дамыту мәселесіне ерекше мән бергендігін және осы тұрғыда ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік жүктелетіндігін баса айтты.
Жарыссөзге қатысқан кәсіподақ белсенділері Президент Жолдауының өзектілігіне тоқталып, бірауыздан қолдайтындықтарын жеткізді. Жиын соңында Жолдаудың негізгі басымдықтарын түсіндіру және орындау бойынша аудандық комитеттердің іс-шаралар жоспарлары бекітілді.
Білім және ғылым қызметкерлерікәсіподағы Талдықорған
аумақтық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-