
КӘСІПОДАҚТЫҢ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының Атқару комитетінің кезекті отырысы кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаеваның төрағалығымен өтті. Мәжіліске Атқару комитетінің мүшелері, Кәсіподақ филиалдары мен тікелей бағыныстағы құрылымдық бөлімше жетекшілері, аймақтық құқықтық инспекторлар қатысты.
Жиынды Кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева құттықтау сөзінен кейін, өткен жылға сараптамалық есеп бере отыра, алдағы жұмыс жоспарымен кәсіподақ төрағасының орынбасары Ерұлан Мағзымбеков таныстырды. Жылдық жұмыс жоспар толығымен талқыланып, бекіту туралы ұсыныспен бірауыздан қабылданды.
Жиында бірқатар бөлімшелердің құқықтық кәсіподақтық еңбек инспекторларының сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерін құқықтық қорғау жұмысын ұйымдастыру жағдайы туралы мәселе қаралды. Бұл сұрақ бойынша Жамбыл, Жуалы және Меркі аудандары бойынша құқықтық кәсіподақтық еңбек инспекторларының есебі тыңдалып, ақпарат берілді. Сондай-ақ, Атқару комитеті 2017-2018 оқу жылына кәсіподақ активі мен белсенділерін оқыту жоспарын нақтылап, кәсіподақтың облыстық ұйымының 2018 күнтізбелік жылға іс номенклатурасын бекітті.
Жиын соңында Атқару комитеті Қаулы қабылдап, оған сәйкес құрылымдық бөлмішелердің жетекшілеріне кәсіподақтың облыстық ұйымының жұмыс жоспары негізінде өз жұмыс жоспарын әзірлеу, кәсіподақтың облыстық ұйымы мен құрылымдық бөлімшелерінің штаттық кестесін нақтылау мен сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы өкілдерін 2018жылға арналған сауықтыру шараларының жоспарын қабылдау туралы міндеттемелер жүктелді.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-