
ЕҢ ҮЗДІК ТӘРБИЕШІ
Ұлт көшбасшысының сарабдал саясаты мен көреген парасатының арқасында ел игілігі үшін атқарылған жұмыстар легі толастамақ емес. Осындай игі шаралар білім мен өнер, дәстүр мен мәдениет арасын да тығыз байланыстыра түскендей. Жақында С.Шәкіров ауылдық мәдениет үйінде «Еркетай» балабақшасы педагогтарының қатысуымен Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ең үздік тәрбиеші» байқауы өткізілді.
Бала тәрбиесін басты байлығымыз деп түсінетін ұстаздар қауымы үшін бұл дәстүрлі байқаудың алатын орны ерекше. Тынымсыз еңбек пен тиянақты дайындықтың нәтижесінде қатысушыларымыз білім мен өнер сынында биік шыңнан көріне білді. «Театр - бала көзімен» атты бөлімде қыздар берілген тапсырмалардағы ертегі кейіпкерлерін дауыс ырғағымен, қимыл-әрекетімен нақышына келтіре ойнап беру арқылы көрермендерді таң-тамаша ете білді. Соңғы түйенің жүгі ауыр дегендей өз білімдерін нормативтік құжаттар, жаңа технологиялар, білім беру стандарты бойынша сынаған қатысушыларымыз алдағы уақытта көбірек ізденіп, тер төгуге тура келетінін ұққандай болды.
Осылайша мәре сызығына жеткен қатысушыларымызды ардагер ұстаздар мен ата-аналар құрамы және С.Шәкіров ауылдық округі әкімшілігінен құралған қазылар алқасы тиісті бағаларын бере отырып, мақтау қағаздарымен алғыс хаттарын табыс етті. Байқаудың бас жүлдесі - бала тәрбиесіне көп жылдық еңбегін арнаған ұстаз Роза Шалхарбаеваға бұйырды. Жас маман Динара Жұманазар I, Зарина Аябек II, ал балабақшаның педагог-психологы Жәмила Арғымбаева III орынға ие болды.
Анар АЙДАРАЛИЕВА,ТАЛАС ауданы,ЖАМБЫЛ облысы