
САПАЛЫ БІЛІМ - ТАБЫСТЫҢ КІЛТІ
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Таяу жылдардағы міндеттер» бөлімінде жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс дейді. Онсыз да туған жеріне, еліне адал қызмет етіп жүрген азаматтар бүгінде баршылық. Сондай азаматтардың бірі – өңірден шыққан кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Сейсенбаев Нұрлан Еренсізұлы.
Осы орайда, кәсіптік бағдар беруді көздеген директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Г.Даулетова мен мектеп тәлімгері З.Серикованың ұйымдастыруымен жоғарғы сынып оқушылары үшін «Қазақстанның болашағы - жастардың қолында» тақырыбында аудандық мәслихат депутатымен кездесу өтті.
Ол бүгінгі таңда Меркі ауданының «Құрметті азаматы», аудандық мәслихат депутаты. Мұның барлығы жаңалықты жатсынбай қабылдағаны және табанды еңбектің арқасы. Ол оқушыларға шағын кәсіпкерлікті ұйымдастыру мәселелеріне қатысты маңызды кеңестер беріп, өзінің тәжірибесімен бөлісті, сондай-ақ оқушылардың сауалдарына жауап берді. Оқушылардың басым бөлігін қызықтырған «Қалай табысты кәсіпкер болуға болады?» деген сауал болды. Бұл сұраққа Нұрлан Еренсізұлы кез келген кәсіпкердің бойында адалдық, бастаған іске табандылық таныту және нәтижесі үшін жауапкершілікті сезіне білу сынды қасиеттер болуы керек деген жауап қайтарды.
Қонағымыз кездесу соңында оқушыларға оқуда және болашақ кәсібін таңдауда мұқият болып, қиындықтарды мойымай жеңе білуге, төзімді болуға шақырды. Кездесуден оқушылар керемет әсер алып, алдағы мақсаттарын айқындап алғандай болды.
Лаура МЫРСЕИТОВА,№44 орта мектебінің мұғалімі,МЕРКІ ауданы,ЖАМБЫЛ облысы