
БІРІККЕН КОМИТЕТТІҢ БАЙЫПТЫ ҚАДАМЫ
Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының Біріккен комитеті филиалы – облыстағы белсенді кәсіподақ ұйымдарының бірі. Филиал құрамындағы 40 бастауыш кәсіподақ ұйымдарындағы кәсіподақ мүшелерінің саны – 7575. Жанболат Орынбеков төрағалық ететін комитет өз мүшелеріне еңбек Заңына және жұмыс берушілер арасындағы келісім-шарт талаптарының орындалуына байланысты құқықтарының қорғалуын қадағалап, қажетті қосымша ақылар мен жәрдемақыларын ала алмай жүргендерге ара түсіп, шешілмеген түйіндерді шешуге бірінші болып атсалысатын қоғамдық ұйым кәсіподақ мүшелерінің үлкен қолдаушысы. Жуырда осы комитеттің ұйым мүшелерінен 70 делегат қатысқан ІV Ппленумы болып өтті.
Пленум жұмысына Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаева, ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті Жамбыл облысының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Дамеш Ускумбаева қатысты. Пленумның күн тәртібіне сай «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының 2014-2019 жылдарға арналған қызметінің негізгі бағыттары» аясындағы Біріккен комитеті Филиалының жұмысы туралы негізгі баяндаманы комитет төрағасы Жанболат Орынбеков жасады.
Соңғы уақытта біліктілігін көтеру курстарына жолданған педагогтардың тиесілі іс-сапар шығындары мен олардың орнына жұмыстарын алмастырған педагогтардың қаражаттарының уақытында төленуі шешімін таппай келе жатқандығын баса айтқан комитет төрағасы, 2015-2017 жылдарға арналған Келісім мен Ұжымдық шарттардың талаптары жұмыс берушілер тарапынан толық орындалмай отырғандығын да тілге тиек етті.
Күн тәртібіндегі бірінші сұрақ бойынша жарыссөзге жазылған Қ.Сармолдаев атындағы балалар үйінің директоры Айжан Мейрханова, Айша бибі атындағы «Білім-инновация» мектеп-интернатының БКҰ төрайымы Зәуре Алкереева мен Жаңатас көпсалалы колледжінің студенті Салқынбек Әміров сөз сөйлеп, өз мекемелеріндегі әлеуметтік қатынас, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық қорғалуы мен мүдделерінің сақталуы бойынша жасалып жатқан ілкімді істер бойынша ақпарат беріп өтті.
Біріккен комитеттің жарғылық міндеттерді жүзеге асырудағы іргелі істері туралы Кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева да пікірін білдіріп, оң бағасын бергесін, комитеттің қаулысы қабылданды. Сондай-ақ, жиын барысында ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті Жамбыл облысының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Дамеш Ускумбаева өз саласындағы өзгерістер туралы айтып өтті. Оның ішінде, тәуекел дәрежесін бағалау нәтижелері бойынша ішінара тексерулерді жоспарлау және жүргізу тәртібімен түсіндірді.
Шара барысында 2018 жылға арналған Филиалдың қаржы шығын сметасы қабылданып, Пленум құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, сонымен бірге үздік бастауыш ұйымдар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-