«Тәжірибе алаңы» ізденістерге толы
2018 жылдың 2-5 қаңтар аралығында Облыстық Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті және «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты ұйымдастыруымен «Жаңақорған» шипажай базасында облыс көлемінде шығармашылықпен жұмыс жасайтын ұстаздардың қатысуымен облыстық «Тәжірибе алаңы» өтті.
Облыстық «Тәжірибе алаңына» білім беру саласының қызметкерлерімен қатар облыс көлеміндегі шығармашылықпен жұмыс жасайтын белсенді 100 мұғалімі қатысты.
Тәжірибе алаңының ашылу салтанатында облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы Райкүл Байназарова сөз алып, «Тәжірибе алаңы» шығармашыл мұғалімдердің үздік әдістемелік тәжірибесін тарату, олардың кәсіби шеберлігін көтеру, білім беру жүйесінде мұғалімдердің жағымды әлеуметтік және кәсіби келбетін қалыптастыру, мәртебесін көтеру және әдістемелік жұмыс жүйесінің бірегейлігін сақтау мақсатында ұйымдастырылып отырғанын айтты.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты мұғалімнің кәсіби дамуын педагогикалық-психологиялық қамтамасыз ету кафедрасының оқытушысы, ұйымдастыру алқасының жетекшісі Серік Құсейнов қатысушыларды «Тәжірибе алаңының» үш күндік жұмыс жоспарымен таныстырды.
Облыстық «Тәжірибе алаңы» барысында «Оқыту әдістемесін жетілдіру жолдары» атты идеялар аукционы, «Алтын көмбе» танымдық ойыны, «Әзілің жарасса...» әзіл-қалжың кеші, «Үздік панорамалық сабақ-2018» байқауы, «Жаңартылған білім беру: өзгеріс, тәжірибе, нәтиже» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, «Брейн-ринг-2018» танымдық сағаты өткізілді.
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты деңгейлік бағдарламалар орталығының тренері Ж. Жубауова мен аға оқытушы Қ. Есекееваның жетекшілігімен жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша «Саралау дегеніміз не?», «Саралаудың түрлері қандай?» деген жалпыға ортақ сұрақтармен қатар білім мазмұнының тиімділігі мәселелері кеңінен талқыланып, замануи танымдық сабақтар өткізілді.
Тәжірибе алаңына қатысушы мұғалімдердің идеяларын ортаға салу, шығармашыл және ұтымды идеяларды қолдау, педагогикалық кәсіби құзыреттіліктерін арттыру, педагогикалық идеялар арқылы мұғалімдер тәжірибесіне оң ықпал ету мақсатында «Идеялар аукционы» өткізілді. Идеялар аукционына командалар ішінен 21 мұғалім өз идеяларын ұсынды.
Ұйымдастыру алқасының жетекшісі С. Құсейновтың жетекшілігімен «Алтын көмбе» танымдық ойыны ұйымдастырылды. Ойын соңында сұрақтарға дұрыс жауап беріп, уақыт жылдамдығына қарай бірінші келген Қызылорда қалалық білім бөлімінің командасы мәреге бірінші жетіп, «Алтын көмбеге» қол жеткізді. Сонымен қатар Ш.Бекеновтің жетекшілігімен «Әзілің жарасса...» әзіл-қалжың кеші көрсетілді.
«Үздік панорамалық сабақ - 2018» байқауы жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағытта өткізілді. Байқауға 36 қатысушы қатысты.
Жаңартылған білім берудегі жаһандық оқыту әдістерін тәжірибеге енгізу және мұғалімдердің оқыту үдерісін ұйымдастырудағы кәсіби шеберліктерін дамыту мақсатында«Жаңартылған білім беру: өзгеріс, тәжірибе, нәтиже» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.
Жұмыстың келесі бағытында «Брейн-ринг-2018» өткізілді.«Брейн-ринг-2018» таным сағатына әр командадан 4 қатысушы қатысып, командалық сайыс өткізілді. Сайыс барысында әр түрлі саяси, пән бойынша логикалық сұрақтар қойылып, нәтижесінде озық ой ұшқырлығымен озып шыққан командаларға жүлделі орындар берілді.
Тәжірибе алаңы жұмысының қорытындысы салтанатты түрде Облыстық Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Р. Байназарова мен институт директоры Б. Елеусіновтың марапаттауларымен аяқталды. Ұйымдастырылған түрлі шаралар аясында қатысушыларға құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етілді.
Қызылорда облыстық кәсіподақ комитеті.
-
Фотографии
-