Жаңа жылдық мерекелік кеш
Жаңа жыл әлемдегі ең көп, әрі ең керемет тойланатын мереке. Бұл күні әрбір адам өзінің бір жылғы өміріне іштей есеп беріп, алдағы келе жатқан Жаңа жылдан ойындағы арманы мен мақсаттарының орындалуынан үлкен үміт күтеді. Әсіресе от шашулар атылып, жаңа жылдық шыршалардың жанында өзіңді ерекше әсерде болатының айтпаса да түсінікті. Осындай салтанатты сәт Қармақшы аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің ұйымдастыруымен 2017 жылдың 29 желтоқсанында кент орталығындағы «Ақ тілек» мейрамханасында білім қызметкерлеріне арналған Жаңа жылдық көгілдір от кешін өткізу кезінде байқалды. Бұл шараға ардагерлер, мектеп басшылары, кәсіподақ комитетінің төрағалары, озық білім қызметкерлері мен Жастар кеңесі мүшелері қатысты. Мерекелік кеште 2017 жылдың қорытындысымен ауданның озық педагогтарына облыстық және республикалық марапаттау рәсімі салтанатты түрде тапсырылды. Сондай – ақ көгілдір от кешіне бірнеше жылдар бойы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға демеушілік көрсетіп келе жатқан «Тұрмағанбет» ЖШС директоры Пірмантаев Нұржан және «Жаңажол» ЖШС директоры Төлепов Орынбасар қатысып, ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Ж.Молдабаева, білім бөлімінің ардагер-ұстаздары Д.Жалғасбаева мен Г.Бөлтіріковалар құттықтау сөз сөйлеп, барша білім қызметкерлерін келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтап, тілектерін айтты. Шара барысында Жастар кеңесінің мүшелері Жылдың он екі атауы бойынша арнайы дайындалған костюмдермен, Аяз Ата, Ақша қар, Санта Клаустермен бірге келіп, мерекені әрі қарай жалғастырды. 2017 жылдың егесі – Тауық жыл көлеміндегі білім саласы бойынша жеткен жетістіктерді атап өте, өз тілегін білдіріп, эстафетаны 2018 жылдың егесі – Итке салтанатты түрде табыстады. Жаңа жылдың егесі Аяз ата мен Ақша қар мерекелік кеште сыйлықтар таратып, әсем ән мен билерімен, әр түрлі тартымды ойындарымен, лоторея ойнатып, кештің сәнін келтірді.
Қызылорда облысы, Қармақшы аудандық білім бөлімінің
әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Аймаханова Құндызай
-
Фотографии
-