
КӘСІПОДАҚТЫҢ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ПЛЕНУМЫ ӨТІП, ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ТУРАЛЫ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының іс-жүзіне асу барысын талқылауды және еңбек адамының атынан өкілеттік ететін кәсіподақтардың осынау мәртебелі кезеңдегі рөлін анықтау мақсатында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының VІ Пленумы өтті.
Пленум жұмысына облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова, әлеуметтік әріптестер, білім мекемелерінің басшылары, кәсіподақ белсенділері, сала ардагерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Пленум мүшелері мен шақырылғандар күн тәртібіндегі «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің 2014-2019 жылдарға арналған қызметінің негізгі бағыттары» аясындағы Жамбыл облыстық ұйымының жұмысы туралы және білім саласы қызметкерлерінің еңбек құқықтары және әлеуметтік мәртебесі мен беделіне қатысты, білім жүйесінің, салалық заңнаманы қолданудың бірқатар өзекті проблемалары, оларды шешу жолдарымен байланысты сұрақтар, білім беруді басқарудың жергілікті билік органдарымен әлеуметтік әріптестік аясындағы ортақ жұмыстар мен бірлескен әріптестік мәселелері, жарғылық қызметті жүзеге асырумен байланысты кәсіподақішілік өзге де сұрақтар қаралып, талқыланды.
Пленумның жұмысында негізгі баяндаманы Кәсіподақ төрайымы жасады. Гүлсін Орынбаева өз баяндамасында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің 2014-2019 жылдарға арналған қызметінің негізгі бағыттары аясындағы Жамбыл облыстық ұйымының жұмысы туралы егжей-тегжейлі айтып өтті.
Жиын барысында, сондай-ақ Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының кадр және құқықтық сұрақтар жөніндегі жетекші маманы Әлия Джолшибекова кәсіподақ мүшелерінің құқықтық қорғалуы туралы, Шу ауданының №40 орта мектеп директоры, облыстық мәслихат депутаты Гүлбарам Тұрлыбек аудандағы әлеуметтік әріптестік арқылы еңбекшілердің құқықтық қорғалуы туралы, облыстық оқу орталығының меңгерушісі Бейбіт Бекназаров кәсіподақ мүшелерін оқытудағы оң шешімдер туралы, ал Байзақ ауданы Жамбыл атындағы орта мектептің мұғалімі, Кәсіподақтың құқықтық үйірме модераторы Еркін Бекежанов кәсіподақ үйірмесінің артықшылықтары мен оның аудандардағы іске асу барысы туралы баяндама жасады.
Пленум жұмысында қорытынды баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова облыста әлеуметтік әріптестік пен мемлекеттік бағдарламалар аясында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып, мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған шаралар туралы айтып өтті. Жиын қорытындысы бойынша арнайы Қаулы қабылданды.
Пленум аясында Әлеуметтік әріптестік жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған облыстық екі жақты салалық Келісімге салтанатты қол қою рәсімі өтті. Әлеуметтік әріптестік жөніндегі 2018-2020 ж.ж. арналған облыстық салалық екіжақты Келісімге салтанатты қол қоюға жергілікті мемлекеттік билік органы-жұмыс берушілер атынан Облыстық білім басқармасының басшысы-білім саласындағы кәсіподақтың ең басты әлеуметтік әріптесі Рахия Тұрмаханбетова және білім саласы қызметкерлерінің заңды өкілі, Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаева қол қойды.
Пленум соңы марапаттау рәсімімен жалғасты. Облыстың өркендеп өсуі мен дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен Кәсіподақтың еңбек инспекциясының басшысы Берік Баймағамбетов пен Кәсіподақтың аймақтық құқықтық еңбек инспекторы Ғазиз Оспанов марапатталды.
Кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері Кәсіподағының Құрмет грамотасымен «Еңбекші» газетінің бас бухгалтері Айгүл Егембердиева марапатталды. Сондай-ақ, «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмиля Бекбатырова мен Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Докторбек Мәселбеков марапатталды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-