
Тәуелсіздікке тарту
Жаңа дәуір іргетасы қоғамдық сананың қалыптасуымен,жеке тұлға болмысымен, яғни, жаңғыруымен жүзеге асады.Осы тұрғыда жеке тұлғаны тәрбиелеп,оның мақсат-мұратына жетудегі жолда ұстаз еңбегі өлшеусіз. Өйткені, мұраты мәңгі, мақсаты биік ұрпағы бар ел ғана Мәңгілік елге айналарын мұғалімдер қауымы жақсы түсінеді. Осындай ауқымды ауыртпалық арқалаған парасат иелері қандай құрметке болса да лайық. Бүгінгі күнде игі дәстүрге айналған «Алтын белгі» иегерлерінің ұстаздарына Тәуелсіздіктің 26 жылдығы, Астана қаласының 20 жылдығына орай екі күндік жолдама берілді. Еліміздің жүрегі - Астанаға берілген бұл сый – сияпатқа Қызылорда облысының 2016-2017 оқу жылын «Алтын белгіге» аяқтап, ақтап грант иегері атанған шәкірттердің ұстаздары ие болды.
Ағартушы қауымның бейнетінің зейнетін көрсетіп, мерейін асырып, 16-17 желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай Қызылорда облыстық салалық кәсіподақтың бастамасымен ұстаздар қауымына игі шара ұйымдастырылды. Аталған екі күндік саяхат барысы үлкен мазмұнды қамтыды. Тарихи жәдігерлер, ел тарихы, Тәуелсіздіктің жемісті жылдарын таныстыруды мұрат еткен бағдарламада ұлттық құндылықтарды дәріптеуді басшылыққа алған. Қазақстан Республикасы Президенті Елбасының кітапхана қоры, Астана қаласының символы Бәйтерек, Елбасының мұражайы, қазаққа рухани орталақ болған «Әзірет Сұлтан» мешіті және ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өткізілген аумақтағы "Нұр Әлем" павильонын аралап, мұғалімдердің көңілі бір серпіліп қалды.
Мұғалім мәртебесін көтерудегі істердің нәтижесінің бір парасы болған бұл игі іс ағартушы қауымға үлкен қуаныш сыйлады. Мұғалімдердің қай-қайсысы болса да құрметке, марапатқа лайық. Зейнетке шыққан ардагер-ұстаздар да назардан тыс қалмады.
Шәкірт жүрегіне дара жол тапқан, қызметтік қолтаңбасымен санасына нұр құйған, тәуелсіз еліміздің асыл легі-мұғалімдер қауымына жасалар құрмет жалғасын тапсын дегім келеді.
№176 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Жайдаркүл Сағынбайқызы
-
Фотографии
-