
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА КАДР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері Кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының мәжіліс залында «Білім мекемелеріндегі кадрлық іс құжаттарды жүргізу тәжірибесі» тақырыбындағы семинар өтті. Семинарға облыстық білім басқармасы бағынысындағы білім мекемелерінің кадр қызметінің мамандары мен іс-жүргізушілері қатысты.
Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының қызметі туралы деректі фильмнен соң алғашқы сұрақ бойынша Кәсіподақтың облыстық ұйымы төрағасының орынбасары Ерұлан Мағзымбеков ұйымның негізгі мақсат-міндетімен таныстырып, кәсіподақ мүшелігінде болудың артықшылықтарын айтып өтті. Семинардағы негізгі сұрақ бойынша Кәсіподақтың Біріккен комитетінің төрағасы Жанболат Орынбеков «Еңбек шарты және оны рәсімдеу тәртібі» және «Кадр қызметі мамандарының білім беру ұйымдарында құрылатын комиссиялардағы құзыреті» сұрақтары аясында мазмұнды баяндама жасап, слайдтар арқылы тақырыптың аясын аша түсті.
Оқу семинарының екінші жартысында Кәсіподақтың құқықтық және кадр жұмыстары жөніндегі жетекші маманы Әлия Джолшибекова «Жұмыс беруші актілерінің рәсімделу тәртібі» мен «Еңбек кітапшасы» тақырыптарын кеңінен аша түсті. Бұл ретте тексеру барысында жиі анықталатын қателіктер, кадр мамандары жіберетін кемшіліктер мен салалық еңбек заңнамасына енген өзгерістер туралы айтылды.
Семинар соңында еңбек туралы және салалық заңнаманы қолданудың бірқатар сұрақтары бойынша сұрақ-жауап сағаты өтті. Онда барлық қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, әріптестерінің тәжірибесімен танысты. Семинар қорытындысында барлық қатысушыларға арнайы оқу курсынан өткендігі туралы сертификаттар табыс етілді.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-