Әнім сенсің - туған жер
Ұстаз - қасиетті есім. Жер бетінде ұстаздан асқан мейірімді, жанашыр адам жоқ. Бүгінгі таңда адам өміріндегі мұғалімнің ролі арта түспесе, төмендеген жоқ. Заманымызға дендеп еніп жатқан жаңашыл технологиялар, қым-қуыт бағдарламалар легінен қалыспай шыдамдылық танытып, өзінің мамандығына адалдық көрсетіп жүрген ұстаздар қауымы ән мен жырдан, биден де алда екенін көріп, қатты қуандық.
Ботақара кентіндегі №1 қазақ тірек мектебінің алдына ұзын-сонар көліктер ат басын тіреді. "Тойдың болғанынан боладысы қызық" демекші, үстілеріне қазақтың ұлттық киімін киіп, аспаптарын ұстаған ұстаздарды көріп, қайсысы оза шауып келеді екен деген ойға қалдық. Бабы келіскен жорғаның бірінші болып келетіні заңдылық емес пе?!
Елбасымыз Н.Назарбаев "Еліміздің жетістігі заттық мағынасы - көркем әдебиетте, деректі және көркем фильмдерде, драмалық, опералық, балет спектакльдерінде, әр түрлі шығармалық өнерде" деген. Осы конкурстың өткізілуінің астарында үлкен мән мен мағына бар екендігін сахна шымылдығы ашылғаннан-ақ түсіндік.
Тұла бойында ерекше рух орын алған, өмірдің барлық сынақтарынан абыроймен шығып, шәкірттерінің пәк жүздеріне мейірімін төге қараған ұстаздар бүгінде ысылған, барлық ауыр міндеттерімен қоса сахнаға шығып, ән де салады, дөңгелене би де билейді. Бәріне де үлгереді.
Кәсіподақ ұйымдарының сайысы 4 номинацияны - хор, вокал, аспаптар ансамблін, хореографияны сынауды мақсат еткен. Оның әрқайсысы 15 минуттан аспауы тиіс. Әділқазылардың құрамына аудандық мұғалімдер кәсіподағының төрайымы, байқау төрайымы Э.Хамитова, білім бөлімінің оқу-тәрбие секторының меңгерушісі А.Дүкенбаева, аудандық әдістемелік кабинеттің әдіскері Ж.Балапанова, Ғ.Мұстафин кентінің балалар саз мектебінің фортепиано сыныбының мұғалімі И.Сухова,
Доскей ауылы балалар саз мектебінің оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі және қобыз сыныбының мұғалімі Б.Досмағамбетова, Ботақара кентінің балалар саз мектебінің хореограф мұғалімі Н.Климова енген болатын.
Ең алдымен Ботақара кентіндегі №1 қазақ орта мектебінің ұстаздар ұжымы сахнадан орын алып, "Ботақара вальсін" асқақтатты. Мұнан соң Үштөбе, Елтай, Ботақара кентіндегі "Балдәурен" бөбекжай-бақшасы, Нұра, Заречный, Қушоқы, Байқадам, Көкпекті, Жаңаталап, Сәтбаев, Доскей ауылының музыка мектебі, Кузнецк орта мектептері кезегімен сахна төріне көтеріліп, хормен патриоттық рухтағы әндерін әуелетті. Бойларына шақ тігілген біркелкі костюмдері, мойындарындағы галстуктері алыстан көз тартып, тыңдармандардың көз алдарына бір әдемі көріністі алып келді.
Аталмыш кәсіподақ ұйымдарының сайысына қатысуға биыл 22 ұйым өтінім берсе, белгілі себептермен Новоузенка орта мектебі келе алмай қалыпты. Сайыстың аты сайыс, мұнда әділқазылар алқасы ешнәрсені мүлт жібермей, қадағалап отырады. Ерекше құпталатыны - сахнаға көпшілік болып шығу, сахна мәдениеті, ән әуенінен қалыспау, тематиканы ашу, регламент сақтау.
Жүзден жүйрік шығар сәйгүлікті анықтау сәтіндегі көңілге қонымды сәттер тыңдарман қауым тарапынан ерекше қошеметке ие болып жатты.
Салтанатты ашылу сәтінде Бұқар жырау аудандық білім бөлімінің басшысы Әсет Ахметов, аудандық мұғалімдер кәсіподақ ұйымының төрайымы Эльвира Хамитова өнерпаздарға сәттілік тіледі. Аталмыш конкурс "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарлама аясында өтіп жатқаны баршаға қуанышты жағдай. Ал оны өткізудегі басты мақсат - білім беру саласында жүрген талантты қызметкерлерді анықтау, оларға өз шығармашылығын жүзеге асыруға жағдай жасау, білім беру саласы қызметкерлерінің шығармашылық әлеуетін арттыру болатын. Сонымен бірге осы сайыста жеңімпаздар болып танылған ұстаздар облыстық фестивальға жолдама алады.
Елбасымыз Н.Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауында біздің мақсатымыз - әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу екендігін айтады. Жас ұрпақ тәрбиесінде үлкен жұмыстың бірі - бойларына ата-анаға, туған жерге, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік сіңіру, оны ғасырларға ұластыру, сонымен бірге тарихи жәдігерлерге, ескерткіш, нысандарға деген құрмет, ұлттық кодты сақтай отырып, заман талабына сай жаңару, даму, тілдер меңгерту болып табылады.
Күні бойына созылған ән фестивалі мәресіне жетті. Дүбірлі сайыста 16 ұйым- "Росинка"," Василек", "Балдәурен" бөбекжай-бақшалары, Токаревка ОМ, Тұзды ОМ, Қ.Боранбаев атындағы НМ, Сәтбаев ОМ, Кузнецк ОМ, Көкпекті ОМ, Заречный ОМ, Жаңаталап ОМ, Елтай ОМ, Доскей ауылындағы балалар музыка мектебі, Ғ.Мұстафин ауылындағы балалар музыка мектебі, Ақөре ОМ, Байқадам орта мектептері сайысқа қатысқандары үшін сертификаттарға ие болды. 3-орын биігіне Қушоқы орта мектебі көтерілсе, 2-орынға Нұра орта мектебі, 1-орынға қазақ тірек мектебі лайық болды. Бас жүлдеге балалар музыка мектептері және балалар өнер мектептері арасынан Ботақара кентінің балалар саз мектебі, мектептер мен балабақшалар арасынан Бас жүлдеге Үштөбе орта мектебі лайық болып табылды.
Біз сайыс соңында Эльвира Кәрібайқызын әңгімеге тарқан едік:
- Биылғы өнер сайысы өте жоғары деңгейде өтті. Ұжымдар аталмыш шараға үлкен жауапкершілікпен келді. Ешбір ұжым назардан тыс қалмады. Қатысушыларға, жеңімпаздарға ақшалай марапат, дипломдар, сертификаттар тапсырылды. Өнер сайысына қатысушы ұжымдардың барлығына алғыс білдіремін,-деп қорытты сөзін.
Ән бәйгесі осымен соңына жетіп, ұстаздар үйлеріне асықты.
Қ.Ахметова,Бұқар жырау ауданы