
ЕҢБЕК БӘРІН ДЕ ЖЕҢБЕК
Әдемі әзіл, шымшыма сөз арқылы көңілдегі көп ойды күлкімен де жеткізуге болады. Жастар ғана емес, аға буынның да сүйікті ойынына арналған Көңілді тапқырлар алаңы сахнасында бүгінде саясаттан бастап, спорт, қоғам, мәдениет тақырыптары әзілдің арқауына айналуда. Осы орайда, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Жамбыл облыстық ұйымының өткізген КТА ойынында әдемі әзілмен өз өнерлерін ұстаздар да көпшілікке паш етті.
«Бүгінгі кәсіподаққа – белсенді жастар» атты кәсіподаққа ынталандыру айлығының аясында өткен әзіл бәйгесіне Кәсіподақ ұйымының 8 командасы қатысып, ойынды тамашалауға келген көрерменнің жүзіне күлкі сыйлады. «Еңбек бәрін де жеңбек» тақырыбымен Кәсіподақ ұйымдарының жастар құрылымдарындағы жас жұмыскерлер мен студент жастардың мәртебесі мен шығармашылық белсенділігін көтеру, жас жұмыскерлер мен студент жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, шынайы бәсекелестікті дамыту және жас жұмыскерлер мен студент жастардың әлеуметтік және кәсіби тұлғасын қалыптастырып, кәсіподақ қатарына ынталандыру мақсатында өткен ойынға қазылық етуге өткір әзілдің бағасын білетін қазылар шақырылды.
Ойын тақырыбын ашуға ұмтылған командалар әдемі әзіл арқылы шынайы еңбектің бағасын, жастардың бірлігін, тәуелсіздіктің бағасын, кәсіподақтардың бірлігін насихаттады. Басты мақсаты – бала оқыту, шәкірт тәрбиелеу болғанымен қоғамдық белсенділік танытып, кез-келген шарадан тыс қалмайтын ұстаздардың билікке айтылатын сын, қол жеткізе алмай жүрген мақсаттары, ренжіп жүрген мәселелері болады. Екі кезеңнен: сәлемдесу мен жамбы атудан жайдарманға шыққан жас мамандар өз іштеріндегі қыжылды күлкімен жеткізді.
Мәселен, Мойынқұм ауданынан келген жайдарманшы ұстаздар өздерінің облыс орталығы Тараз қаласына жету әлектерін, екі арадағы жолдың ойдым-шойдымын әзілге қосса, тек қыздардан құрылған «Бұзық қыздар» командасы өз құрбыларын батысқа еліктеушіліктен сақтануға шықырып, «майдаланып» бара жатқан жігіттерді де әзілдерімен шымшып өтті. Ал Т.Рысқұлов ауданынан келген жайдарманшылардың әзілдері шынайы өмірдегі ұстаздардың өмірінен көрініс беріп жатты, әзілдер негізінен директор мен мұғалім, мұғалім мен оқушы, сондай-ақ ұстаздардың сабақтағы қызықтары сынды әзілдер көрерменге әдемі күлкі сыйлады. Ал былтырғы чемпиондар «Иринаның балалары» болса әзілдің астарымен бітпейтін жиналыстар мен таусылмайтын сенбіліктер, шегі жоқ концерттерге билеттер сату мен газеттерге күштеп жаздыру тақырыбын көпшілікке күлкінің дәрумені арқылы жеткізді. Сарысу ауданынан келген жайдарманшылар командасы да бүгінде өзекті болып отырған жалақы, жанармай және жастар мәселесін жүйелі әзілмен жеткізе білді. Жанды дауыстағы музыка мен ерекше киім үлгісі сарысулықтарды өзгелерден ерекшелеп тұрды.
- Бүгінгі ойында жастар бірінен бірі асып түсіп, көрерменді күлкіге бөледі. Ұстаздар, кәсіподақтың құқықтық қызметінің мамандары, жастар мен студенттер бір сахнада өнер көрсетіп, өткір әзілдерімен күлкінің әлемін аралатты. Осымен екінші мәрте ұйымдастырылған шараны енді дәстүрлі түрде өткізіп тұратын боламыз, - деді Кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева.
Өткір әзіл мен өтімді ойларды, актерлік шеберлік пен әзіл сапасын, режиссерлік тапқырлық пен күтпеген шешімдер, сахна мәдениеті мен музыкалық әрлеуді ескерген қазылар алқасы ақылдаса келе жүлделі ІІІ орынға Тараз қалалық білім мекемелерінің ұстаздарынан құралған «Иринаның балалары» командасын лайық деп тапты. Екінші орынды М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дің «Мәдениет жігіттері» құрама командасы иеленсе, І орынға қазылар алқасының бірауызды шешімі бойынша Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің «Раян-Нұр» командасы лайық деп танылды. Қазылар алқасы сондай-ақ, тек ұстаздардан құралған Мойынқұм, Сарысу және Т.Рысқұлов аудандарының командаларының ойындарын ерекше атап өтті.
Жеңімпаз командаларға ұйымдастырушылар атынан кубок пен Алғыс хаттар табысталды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-