«Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» тақырыбында сынып сағаты өтті
1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Алматы облысы Текелі қаласындағы № 5 орта мектептің жас маманы Гүлім Нұрахмет 4 «Б» сыныбында тәрбие сағатын өткізді.
Оқушыларды Елбасы мен Елбасы ұстанымын дәріптеуге, Отанына, халқына қызмет етуге, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында өткен сабақ барысында фотосуреттер көрмесі, слайдтар, мемлекет басшысы Н.Назарбаев туралы деректі фильм көрсетілді.
Ұстаз өз сөзінде Елбасы Н.Назарбаевтың еңбек жолына, жазған еңбектеріне, лауазымдық мәртебесі, марапаттары және наградалары жөнінде сөз қозғап, Қазақстан Республикасы осындай дәрежеге жетіп, көк туымыздың астында татулықта өмір сүріп жатқанымыз мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасы екендігін баса айтты.
Сабақ барысында оқушылар викторина сұрақтарына жауап беріп, өз білімдерін көрсетіп, Елбасын үлгі – өнеге тұтатынын мақтанышпен айтты.
Тәрбие сағатының соңында шәкірттер ұстазымен қосылып, өскелең ұрпақ өкілдерін патриоттық, ұлттық рухта тәрбиелейтін Бекболат Тілеуханның «Елім менің» әнін шырқады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Текелі қаласының барлық мектептерінде осындай ашық сабақтар, тәрбие сағаттары өтті. Оған Текелі қалалық кәсіподақ комитетінің қызметкерлері, қалалық білім бөлімінің өкілдері, ата-аналар қатысты.
РОЗА МАЛЧАБАЕВА,Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы
Талдықорған аумақтық ұйымына қарастыТекелі қалалық комитетінің төрайымы
-
Фотографии
-