Талдықорғанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні салтанатпен аталып өтті
30 қараша күні Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Талдықорған аумақтық ұйымы 1 желтоқсан-Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай салтанатты жиын өткізді.
Салтанатты жиынға аудандық және қалалық кәсіподақ комитеттерінің төрағалары, жоғары және арнаулы орта білім беру орындарының басшылары, сала ардагерлері, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, жас ұстаздар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
«Өз тағдырын өзі айқындауға алғашқы қадам жасаған Қазақстан үшін 1 желтоқсан мемлекет тарихының мерейлі күні саналуға лайықты.Бұл мереке – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің құрметі үшін ғана емес, президенттік басқарудың тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңыздылығы ескеріле отырып қабылданғанын да атап өтуіміз керек», -деді Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы С.Әбдіқадыров өзінің құттықтауында.
Жиын барысында І.Жанүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия докторы Болат Айтимов 2012 жылдан бері тарихи маңызға иеленген мереке жайлы баяндама жасады. Сонымен қатар, мемлекет басшысы Н.Назарбаев төрағалық ететін жетекші партияныңАлматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Нұрқадыров, аумақтық кәсіподақ ұйымы жанында құрылған педагогикалық еңбек ардагерлері Кеңесінің төрайымы Райхан Серғазинова, Қ.Байсейітов атындағы Талдықорған саз колледжі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Меруерт Теміровалар мерекеге орай өз құттықтауларын жеткізді.
Айтулы мереке қарсаңында өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген кәсіподақ саласының белсенділері Талдықорған аумақтық ұйымының алғыс хаттарымен марапатталып, Ө.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясының жас ұстаздары кәсіподақ ұйымының мүшелігіне салтанатты түрде қабылданып, кәсіподақ билеттеріне ие болды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне және мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығына орай жас ақындар арасында өткен «Рәміздер – отаншылдық сезімімнің бойтұмары» атты облыстық байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздары марапатталады.
2017 жылдың 21-22 қараша күндері Атырау қаласында өткен «Мемлекеттік рәміздер – егемендігіміздің берік негізі» атты республикалық байқауда үздік деп танылып, I орынға ие болған жас ақын,Ескелді ауданы, Жалғызағаш орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Орынтай МұратханҚазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арнаған өлең жолдарын көпшілікке тарту етті.
Талдықорған аумақтық ұйымыныңбаспасөз қызметі
-
Фотографии
-