
ҰСТАЗДАР ТАРИХИ ОРЫНДАРМЕН ТАНЫСЫП ҚАЙТТЫ
Ел Президентінің рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі-үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерілеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Осы орайда, сәрсенбінің сәтінде аудандық кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен ардагер ұстаздар, мекеме басшылары, жалпы саны 50 адам киелі мекен Тараз қаласына сапар шекті. Бір топ ұстаздарды Шу аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Қамажай Иманбаева бастап барды.
Тараз қаласына жолаушылар түс ауа жетті. Алғашқы сапар облыстық білім беру басқармасының мәжіліс залында өткен кездесуден басталды. Оған облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, Кәсіподақтың облыстық ұйымының төрайымыГүлсін Орынбаева, облыстық бақылау департаментінің басшысы Дәмеш Үскімбаева қатысты. Тағлымы мол кездесуде Елбасының мақаласы кеңінен талқыланып, өзара пікір алмасулар орын алды.
Экспедиция өз жалғасын Айша бибі ауылында тапты. Экспедиция мүшесі Ғ.Үсербаева қатысушыларға қазақ тарихында бірліктің бастауы болған төбенің тарихымен таныстырды. Айша бибі кесенесіне барып, ғұмырнамасына кеңінен тоқталды.Сапар шегушілер бұдан кейін Керей мен Жәнібек ханның монументіне тоқтады. Биіктігі 30 метр, алыстан мен мұндалаған алып ескерткіш жанына шулықтар естелік суретке түсіп, тарихтан сыр шертіп, әңгімелесті.Экспедиция мүшелерінің келесі бағыты Қарахан баба кесенесі болды. Онда ата-баба рухына құран бағышталып, өнегелі әңгімелер айтылды. Қарахан баба кесенесінен кейін сапарымыз Тараз шаһарындағы «Көне Тараз әлемінде» жалғасты.
-Біздің мақсатымыз - ұстаздар қауымын көне Тараз қаласының қасиетті, киелі орындарымен таныстыру, рухани, мәдени құндылықтарды насихаттау болып табылады. Тарихымызды, әдет-ғұрпымызды құрметтеуге шақыру арқылы бірлікті нығайту. Мұндай шара алдағы уақытта да жалғасын табады деп сеніммен айта аламын. Себебі, көпшіліктің қызығушылығы басым,-деп ойымен бөлісті Қамажай Мырқашымқызы.
Осылайша, аудандық кәсіподақ ұйымының бастамасымен барған сапарымыз сәтті аяқталды. Аталмыш ұйым жолаушыларға түскі ас, жол шығыны жағынан демеушілік көрсетіп, ұйымшылдық пен ауызбіршіліктің арқасында Тараздың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
-Әр өлкенің тарихы мен өзіндік ерекшеліктері бар. Оны білу - әр тұрғынның міндеті. Бүгін біз көп деректер мен мағлұматтарға қанықтық, естігенімізден көргеніміз көп болды,-дейді жас маман, Далақайнар ауылындағы Т.Әшімбаев атындағы орта мектебінің аға тәлімгері Асқар Қожахметов.
Сапаршыларымыз ұйымдастырушы тарапқа өз алғыстарын айтып, көрген-білгендерін естелік етіп айтатындарын жеткізді. Тарихи орында болған жағдайларды жол үстінде зерделей отырып, өзара пікір алмасты.
Г.СМАГУЛОВА,Шу ауданы,ЖАМБЫЛ облысы
-
Фотографии
-