
ҮЗДІК ТӘЖІРИБЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНЫП, ҮЗДІК МОДЕРАТОР АНЫҚТАЛДЫ
Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымы кәсіподақ үйірмелерінің жұмысын қорытындылау, модераторлардың мүмкіндігін анықтау, жұмысын жүйелендіре түсу мақсатында жыл басында «Белсенді оқыту – ұтымды кәсіподақ» облыстық байқауын жариялаған болатын. Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқысында үйірме жетекшілері өздерінің жұмыстарын, үлестірмелі материалдарын, өткен сабақтарын жинақ папкаларына топтастырып, қазылар алқасына ұсынды. Барлығы 16 модератордың жұмысы қаралып, сараланған соң екінші кезең - модераторлардың үйірме жүргізу шеберлігі, сөйлеу, ұғындыра әрі тыңдата білу қасиеттері, адамдарды өзіне қарата білу ілімі бағаланып, шеберлік сабағы өтті.
Барлық модераторлар өз шеберлік сағаттарында жаңа технологияларды барынша пайдаланды. Коучинг, квест, топтастыру, сұрақ-жауап, видео және фото слайдтар, сергіту сәті, кері байланыс, тест алу, ойын мен рөлдік ойындар сынды барлық жаңа технологиялар кәсіподақтық ақпарат пен материалды түсіндіруде молынан пайдаланылды. Үшінші кезеңде үміткерлер еңбек заңдылығы, кәсіптік одақтар туралы заңдылық пен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері Кәсіподағының жарғылық құжаттарын меңгеру деңгейін анықтау бойынша тест тапсырды.
Байқау қорытындысын жариялар алдында Кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева шараның маңыздылығына тоқталып өтіп, модераторлардың шеберлігін жоғары деп бағалады.
Сонымен, қазылар алқасының шешімі бойынша кәсіподақ үйірмесінің ең үздік модераторы болып Шу ауданы М.Х.Дулати атындағы орта мектептің мұғалімі Валентина Коротуненко танылды. Валентина Васильевна портфолиосының мазмұнымен, өткен семинарында тақырыбының ашылуымен, ондағы айтылған мәліметтер мен пайдаланылған әдіс-тәсілдердің алуандығымен, сондай-ақ, тест нәтижесінде жоғары балл жинауымен байқаудың І орын иегері атанды. Екінші орынды иеленген екі бірдей модератор болды. Олар, Байзақ ауданы Жамбыл атындағы орта мектептің мұғалімі Еркін Бекежанов пен Тараз қаласының №40 гимназияның мұғалімі Татьяна Любименко. Ал Жамбыл политехникалық колледжінің кәсіподақ төрайымы Лейла Есентаева, Меркі ауданы Трубицын атындағы №17 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Мақпал Айнақұлова мен Қордай ауданы №21 орта мектептің кәсіподақ үйірмесінің жетекшісі Татьяна Лаврова жүлделі үшінші орынды иеленді.
Барлық байқау қатысушыларына бағалы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-