Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ
ХХІ ғасырда қоғам мен мемлекет дамуының басты тетігі білім беру болып отыр. Рухани, мәдени саламыздың нығаюына, адами қасиеттердің жоғарылауына, жеке адамның сапалық ерекшелігінің өрлеуіне білімнің ғана құдіреті жететіні күннен-күнге айқындалып келеді. Әрбір елдің өркендеуі, тұғырының берік болуы да білімге келіп тіреледі. М.Әуезовтің сөзімен айтар болсақ , «Халықпен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім болмақ».Көреген ұлт басшысы Н.Ә.Назарбаев: « Ұлттың бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімдік деңгейімен айқындалады» деп тұжырымдайды.Мектеп - келешек ел басқарар, жер басқарар, елі мен халқын гүлдентер, мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды тәрбиелейтін киелі де, қасиетті ұя. Осындай білім ордалары Алматы облысы Талғар ауданында жыл сайын бой көтеріп келеді. Биылдың өзінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Талғар ауданының Ақтас ауылында №36 орта мектепке және Белбұлақ ауылындағы № 32 білім шаңырағына 600 орындық ғимарат жапсарлай салынса, Еламан, Кіші Байсерке, Еңбекші елді мекендерінде 300 орындық жаңа мектептер қолданысқа өтті.
Еңбекші ауылындағы заманауи үлгідегі зәулім мектеп ғимаратының ашылуы- елбасымыздың сарабдал саясатының жемісі. №39 орта мектептің құрылысын жүргізген «Жөндеу құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіптестігінің директоры М. Абдимуратов мектеп директоры Г.Н. Нургазиеваға білім күнінде мектеп кілтін салтанатты түрде табыс етті. Жаңа мектептің лентасын қию құрметі Талғар аудандық мәслихат хатшысы Еңкебаев Жұмахан Еңкебайұлымен Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық - инновациялық даму басқармасының басшысының орынбасарыРыскелдиев Темірлан Талғатұлына берілді.
Бүгінгі күнде Еңбекші ауылындағы № 39 жалпы білім беретін орта мектепте 378 оқушы қазақ және орысша білім алуда. Оның ішінде 13 ұлттың өкілі тәрбиеленуде. Мектеп ғимаратында 15 оқу кабинеті, 4 мультимедиалық кабинет, 2 компьютерлік кабинет, 2 технология кабинеті, 600 кв. м тир, 2 – медициналық кабинеті, 1 спорт зал, 1 футбол алаңы, 104 орындық асхана, 96 орындық мәжіліс залы жаңа заман талабына сай жабдықталған. Мектепте On- line режимінде оқытуды ұйымдастырудағы инновациялық идеяларға қолдау көрсетіліп, жаңа ақпараттық – коммуникациялық технологиялардың мүмкіндіктерін қолдануға жағдай жасалған. 5 кабинет интербелсенді тақтамен жабдықталған. Мектеп «Электронды журналдармен күнделіктердің бірыңғай ақпараттық жүйесіне» енгізілген.
Мектептің негізгі тірегі- білімді де білікті ұстаз. Қазіргі заман талабына сай әр баланың қабілетіне қарай дарындылығын дамыту , білім бәйгесінде , дүбірлі жарыстарда «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шәкірт шығару- ұстаздардың ерен еңбегінің жемісі. Мектепте 44 ұстаз аянбай еңбек етуде.Оның жоғарғы санаттысы – 8, бірінші санаттысы – 18, екінші санаттысы – 8, ақылы жалақы алатын – 10. Шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдердің озық тәжірибесін насихаттау және тарату кәсіби шеберлігін қалыптастыру мақсатында мектеп мұғалімдері ғылыми- практикалық семинарларға,конференцияларға, педагогикалық оқуларға қатысып отырады. Елбасымыздың жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларымен мемлекет деңгейін жаңа сатыға көтеруге бағытталған бағдарламаларында білім, ғылым саласын жандандыру, педагог мамандардың қоғамдағы атқарушы рөлін одан әр арттыру , кәсіби біліктілігін көтеру басты орынға қойылған. Осыған орай мектебімізде «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен – 2 мұғалім, «Ы.Алтынсарин»төсбелгісімен – 1 мұғалім, «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл» төсбелгісімен – 1 мұғалім, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен – 4 мұғалім, «Ахыска» Республикалық Түрік орталығының төсбелгісімен – 1 мұғалім, Талғар ауданының әкімінің «Құрмет грамотасымен» – 2 мұғалім, Талғар аудандық білім бөлімінің «Құрмет грамотасымен» – 5 мұғалім марапатталған. Ұжым мүшелері қазіргі заман сұранысына сай өз білімдерін кезекті кесте бойынша жетілдіріп отырады. Айталық, жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша 28 мұғалім білімін жетілдіріп, жаңартылған білім мазмұнына көшкен сыныптарда жұмыс жасауда. Мектептің инновациялық қызметімен озық тәжірибені тарату мақсатында мектепішілік педагогикалық оқулар мен семинарлар жиі ұйымдастырылып тұрады. Семинарлар өткізілген соң сол өткізілген семинардың нәтижесін көру мақсатында шығармашылықпен жұмыс істеп жатқан мұғалімдеріміздің жұмыстарын да атап өтсек болады. Олар: бастауыш сынып мұғалімдері Э.Х.Добрышева, Ғ.Қ.Қыбраева, Р.Б.Дощанова, Д.Ж.Жұмабаева, ағылшын тілі пәні мұғалімдері С.Қ.Дуйсембекова К.Е.Бурабай, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қ.Д.Даркембаева, тарих пәнінің мұғалімдері Солтанбек М.Б. мен А.Р.Төлегенов, биология пәнінің мұғалімдері Л.А.Диханбаева мен А.Ж.Бокалакова, математика пәнінің мұғалімі Ф.А.Жумаева, химия пәнінің мұғалімі Ж.Б.Айтқали, информатика пәнінің мұғалімі С.З.Едигеева, география пәнінің мұғалімі Г.Қ.Есіркеп.
«Білімдіден не пайда, білгенін көпке айтпаса,Үйреткеннен не пайда, қайырымы қайтпаса" - деп А.Байтұрсынов айтқандай жоғарғы оқу орындарынан қолдарындағы қағазбен ғана емес жүрегіндегі жылылығымен мектеп табалдырығына келіп, ұлағатты ұстаздарынан көргенін, білгенін іске асырып, жас та болса өз ісімен, оқушылармен жұмыста жаңашылдығымен көзге түсіп жүрген жас мамандарымыздың жұмысын, өткізген сабақтарын атап айтуға тұрарлық. Олар тарих пәнінің мұғалімі А.Р.Төлегенов, мектептің педагог-психологы А.Б.Тукушева, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі К.Е.Бурабай, физика пәнінің мұғалімі А.Т.Ақан,математика пәнінің мұғалімі Ф.А.Жумаева,дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Е.Нұрдынның болашағынан зор үміт күтеміз.
Жаңартылған бағдарламаға байланысты жыл басынан бері «Жаңартылған білім беру мазмұны» семинары, «Оқыту нәтижелерін бағалау» семинар- коучингі, «Қысқа мерзімді жоспар құру әдістемесі» коучингі, «Жаңа әдіс- тәсілдерді сабақта қолдану» семинарлары жоғары дәрежеде өткізілді. «Бейнелеу өнері және технология пәндерін оқытудағы өнер түрлерін кіріктіру арқылы пәндік білімдерін, дағдылары мен түсінігін дамыту жолдары» тақырыбында «ӨРЛЕУ»БАҰО акционерлік қоғамының филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтындағы» «Тәрбие және тұлғаны әлуметтендіру» кафедрасының аға оқытушысы М.М. Жалеловтың ұйымдастыруымен облыстық семинар өткізілді. Семинарда бейнелеу өнері және технология пәнінің мұғалімі Г.А. Омарова «Жаңа технологияны пайдалана отырып , жүннен сыйлық бұйымдарын жасау» атты тақырыпта шеберлік сағатын көрсетті. Ұжымның басшысы Г.Н.Нургазиева ұйымдастырудың жоғарғы деңгейде өткеніне байланысты «Алғыс хатпен» марапатталса, бейнелеу өнері және технология пәні мұғалімі Г.А. Омарова білім беру саласына белсенді атсалысқаны үшін «Құрмет грамотасымен »марапатталды.
Жаңа мектептің ашылуы оқушы бойындағы қабілет пен қасиетті дамыта отырып, талабын ашып, талантын танытуға бағытталған бірнеше үйірмелер жұмыс істеуіне жол ашып,оқушыларымыздың қызығушылығы мен талаптарына байланысты ашылып отыр. «Маликам» би үйірмесі, «Шебер қолдар», «Жас тілшілер», «Қазақша күрес», «Былғары қолғап», «Саз әлемі», «Химия әлемінде» үйірмелері. Оқушыларымыз да өз білімдері мен өнерлерін көрсетуде біраз жетістіктерге жетті. Олар аудандық пәндік олимпиадаға, «Дарын» ғылыми-практикалық конференциясына, «Жарқын болашақ», «Зерде», сондай-ақ кіші ғылым академиясының конференцияларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді.
Аудандық «Дарын» ғылыми – практикалық конференциясына ағылшын тілінен «Ecologikal Problems» атты ғылыми жобасын қорғап, 10- сынып оқушысы Жұлдызқызы А. ІІІ орынға ие болды,(Ғылыми жетекшісі – Дуйсембекова С.Қ.). Математика секциясы бойынша 10 - сынып оқушысы Қасқыр Асылбек «Статистикалық сипаттаманы өмірде қолдану» ғылыми жобасымен қатысты. (Ғылыми жетекшісі – Ракимбаева А.Б). «Оқушылар Шығармашылық үйі» ұйымдастырған, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған ауданаралық оқушылар шығармашылығы арасындағы «Атакәсіп» суретшілер мен шебер қолдар байқауының «Шебер қолөнер» номинациясы бойынша І орындарды Байболдиева Назым, Манапханова Аяна, Ауғанбек Маржан, Қожабекова Элеанора иеленсе, «Ши тоқу» номинациясы бойынша Ысқақ Нұрсұлтан, «Моншақтан жасалған жұмыстар» номинациясы бойынша Абибов Юсуф, «Графика жұмыстары бойынша» Абдикерим Айкүміс, «Ағаштан жасалған жұмыстар» бойынша Джедыбаева Баян, «Войлок» номинациясы бойынша Жұлдызқызы А., «Гобелен» номинациясы бойынша Сылқымбаева Аружан Бас жүлдеге ие болды. "Дала дарыны" Республикалық балалар байқауынан "Гран-при" номинациясын 8-сынып оқушысы Джедыбаева Баян жеңіп алды. 9-сынып оқушысы Абдикерим Айкүміс "Арман қала Алматы" Республикалық балалар байқауының I дәрежелі дипломымен марапатталды.2016 жылы “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» атты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының каталогына 9-сынып оқушысы Жұлдызқызы Аружанның жұмысы еніп, Россияда өткен «Медалинград-январь-2017» конкурсында 1-орынды иеленді. 7 а сынып оқушысы Мухаматкулов Оразбек - математика секциясы бойынша «8 сынып алгебра курсы бойынша тарихи деректер» ғылыми жобасымен ІІ орынды, 3 а сынып оқушысы Искакова Гүлден «Медицина» секциясы бойынша «Алоэ өсімдігінің ерекшеліктері және емдік қасиеттері» атты ғылыми жобасын ұсынып, ІІІ орынды иеленді. (Ғылыми жетекшісі – Бекқали Ж.Б.).4 а сынып оқушысы Исақожа Нұрым Ерғалиқызы «Медицина» секциясы «Лимонның емдік қасиеттері» бойынша ІІ орынға ие болды. (Ғылыми жетекшісі – Жұмабаева Д.Ж).
Алғашқы айлардың өзінде – ақ білім баспалдағына нық қадаммен көтерілген білім ордасы қандай үлгідегі сайыс болса да , қатарынан қалыс қалмауды мақсат еткен. Балалар сазгері «Бота Бейсенова шақырады» атты әндерінен өткен байқауда бақ сынап Исақожа Нұрым ІІІ орынға ие болды.
«Қайырымдылық болған жер тамаша. Егер сондай өлкеде өмір сүрмесең, даналыққа қол жеткізуге бола ма екен?» деп Конфуций айтқандай, әрбір адамның адамгершілік қасиеті жоғары тұратыны сөзсіз. Республикалық «Мектепке жол», «Қамқорлық» акциялары кезінде мектеп ұжымы,атқамінер ел азаматтары бір кісідей ат салысты. Қайырымдылық – мүдделі көмекке зәру адамдарға жақсылық жасай білу, мейірімділіктің бір көрінісі. Осы орайда,Талғар аудандық салық басқармасының басшысы А.А.Мүлкібеков аз қамтылған отбасы балаларына қайырымдылық қол ұшын беріп оқу құралдарымен , мектеп формасымен қамтамасыз етті. Сонымен қатар Кеңдала ауылдық округінің әкімі Қ.А. Абдыханов ата- анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға мектеп формаларын,спорттық киімдерін, мектепке қажетті құрал- жабдықтарын алып берді. Мектептің жалпыға бірдей міндетті оқу қорынан 829 мың теңге бөлініп,30 балаға мектепке қажетті киімдер мен құралдар алынып берілсе,10 бала жазғы сауықтыру лагерінде тегін демалды.Мектеп асханасында 21 оқушы демеушілер есебінен тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.
«Кітап- білім бұлағы» демекші , мектеп кітапханасымен бірге «Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «25 кітап» акциясы ұйымдастырылып, оқушылардың тілдік қорларын арттыру , рухани баюына ықпал ету, кітаптан алғанын өмірде қолдана алу құзыреттіліктерін дамыту, көркем әдебиетті насихаттау,эссе жазу дағдыларын қалыптастыру мақсатында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Мектеп кітапханашысы Е.Ламбай және сынып жетекшілердің ұйымдастыруымен «Мектепке кітап сыйлайық» атты іс – шара қолға алынды. Ата – аналарымыз бен оқушыларымыз бұл акцияны қолдап, барынша жан- жақты көмек беруде. Мектептегі кітапханамызда 8135 дана кітап қоры, оның ішінде 7318 оқулық, 817 әдеби кітап,116 электронды оқулық бар.
Осылай ұстаздарымыздың еңбегін саралай берсек, таусылмас мол қазына дерсің. Мектебіміздің тәжірибесі мен тағылым мол, өнеге – үлгі аларлық білімді, білгір ұстаздары ортақ мақсатпен, бірниетпен, бір тілекпен «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей бір кісідей ел болашағы үшін еңбек етсе, биік белесті бағындыра беретінімізге сеніміміз мол.
-
Фотографии
-