
БҮГІНГІ КӘСІПОДАҚҚА – БЕЛСЕНДІ ЖАСТАР
Азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі – кәсіподақтардың мақсаты қашанда ел саясатымен үндес. Кәсіподақтар да өз қатарын ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымын да дамытуға, жiгерлене ел үшiн еңбектенуге мiндеттi жастармен толығуын қалайды. Осы орайда, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымы дәстүрлі түрде өтетін «Бүгінгі кәсіподаққа – белсенді жастар» мүшелікке ынталандыру айлығын бастады.
Қазіргі қоғам – жаңа ақпараттық технологиялардың қоғамы және XXI ғасырдың бұл ағымы – қоғам дамуының жаңа дәрежесіне жеткізді. Ақпарат алмасу, қарым-қатынас орнату, жұмыс іздеу, білім алу мүмкіндігі және тағы басқа іс-әрекеттер шынайы әлемге қарағанда виртуалды әлемде жүзеге асатын болды. Сондықтан да, кәсіподақтар жастарды спортты жанына серік ету арқылы дені сау ұрпақ ретінде қалыптасып қана қоймай, тәрбиелі әрі саналы жастардың қатарын арттыруға септігін тигізу мақсатында айлықтың алғашқы шарасын спорт додасынан бастады. «Бүгінгі кәсіподаққа – белсенді жастар» атты мүшелікке ынталандыру айлығының аясында білім саласының жас жұмыскерлері мен студент жастары аладопты аяғында ұршықша үйіріп, кіші футболдан мықтыны анықтады.
Аймақтағы іргелі жоғары оқу орны – Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің спорт кешенінде өткен спорт додасына 10 Филиал мәртебесіндегі команда, 3 жоғары оқу орнының командалары мен Кәсіподақтың Біріккен комитеті Филиалының командасы, барлығы 14 команда қатысты. Алғашқы болып жастарды салтанатты шараның ашылуымен Кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева құттықтады. Келесі болып құттықтау сөз сөйлеген сала ардагері Келіс Әбітаев ағамыз жастарды ұдайы спортпен шұғылдануға шақырып, саламатты өмір салтын қалыптастыру кәсіподақтардың жүздеген жылдар бойы негізгі жұмыс бағыттарының бірі болғандығын айтып, қатысушыларға жеңіс тіледі.
Сонымен жарыс тәртібі бойынша командалар 4 топқа бөлінді. А тобына түскен Т.Рысқұлов, Байзақ, Қордай және Мойынқұм аудандық командалары В тобына түскен Жамбыл, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ және Біріккен комитеттің командаларымен бірге ойнаса, С тобына түскен Сарысу, Меркі, ТИГУ және ТарМПУ-нің командалары D тобына түскен Талас, Жуалы һәм Тараз қаласының командаларымен алаңда кім мықтыны анықтады. Әр топтан ұпай саны бойынша бірінші болып шыққан командалар жартылай финалда өзара финалға шығатындарды анықтайтын болған. Ойын командалардың жетекшілерімен келісе отырып екі алаңда қатар өтті. Бірі залдың ішінде ойнаса, екіншілері даладағы жаздық футбол алаңында ойнады. Барлық команданың бойынан жеңіске деген ұмтылыс пен құштарлықтың лебі сезіліп тұрды. Топтық ойындардың нәтижесінде А тобынан Байзақ, В тобынан Жамбыл, С тобынан Меркі және D тобынан Тараз қаласының командасы жартылай финалға жолдама алды.
Байзақ және Меркі, Жамбыл ауданы мен Тараз қаласы футболшыларының арасында болған ойын бірдей есеппен, яғни, 4-0 – мен аяқталды. Жеңіске жеткен Меркі және Жамбыл ауданының аяқдопшылары.
Финалға шыға алмаған Байзақ командасы мен Тараз командасы өзара үшінші орынды сарапқа салып, өзара ойында турнирдің ІІІ орын жеңімпазын анықтады. 4-0 есебімен жеңіске жеткен турнирдің үшінші орын жеңімпаздары - Кәсіподақтың Байзақ аудандық құрама командасы.
Жасыл алаңдағы жанталас финалда қыза түсті. Финалда ойнау үшін барша құрам барын салған болса, жұлдызы жанған Жамбыл және Меркі ауданының командасы болды. Алайда, негізгі уақытты 1-1 есебімен аяқтаған футболшылар, мықтыны пенальти бойынша анықтады. Әр командадан шыққан үш сұр мерген ойыншылар алма кезек қарсылас қақпасын дәлдегенімен, меркіліктердің тек екі добы ғана дарып, қақпа саңлауын тапты. Ал жамбылдықтар берілген мүмкіндікті жіберіп алмай үш допты да қақпаға дәл бағыттап, турнирдің чемпионы атанды.
Ойын аяқталған соң марапаттау рәсіміне кезек берілді. Алдымен аладопты ұршықша иіріп, тамаша ойынымен көзге түскен үздіктер марапатталды. Жарыс кезінде қарсыластарының ауыр соққылары мен аса қауіпті шабуылдарын дер кезінде тойтара білген Тараз құрамасының қақпашысы Руслан Кенжебеков «Үздік қақпашы» атанса, барлық ойында өз командасын алға сүйреп, қорғаныста да шебер ойнаған ТИГУ-лық Серік Сабыр «Үздік ойыншы» болып танылды. Олимпиадалық ойындардан еш кем емес ойында әділ төрелік еткен М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-нің аға оқытушысы Қалдыбек Өмірбаев «Үздік төреші» атанды.
Үздіктер мен жеңімпаздарды Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаева марапаттады. Алдымен үздіктер марапаталып, жеңімпаз және жүлдегер командаларға кубок пен бағалы сыйлықтар табысталды. Сөйтіп қызықты да тартысты өткен доп додасы өз мәресіне жетіп, керемет өткен спорт мерекесі болып есте қалды.
Бейбіт БЕКНАЗАРОВ
-
Фотографии
-