
«КӘСІПОДАҚ ЖӘНЕ ЖАСТАР:БОЛАШАҚ БҮГІННЕН БАСТАЛАДЫ»
Кәсіподақ ұйымдарының басты міндеттерінің бірі – заманауи жастар саясатын жүзеге асыру, жастарды кәсіподақтар қатарына тарту, кәсіподақтың жастар қанатын құру, олардың өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге жәрдемдесу болып табылады. Осы орайда, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Жамбыл облыстық ұйымы «Бүгінгі кәсіподаққа – белсенді жастар» тақырыбында кәсіподаққа ынталандыру айлығын жариялаған болатын.
Бүгін осы айлық аясында «Кәсіподақ және жастар: болашақ бүгіннен басталады» тақырыбында облыстық семинар өтуде. Оқу семинарына 29 жасқа дейінгі саланың жас мамандары мен жас жұмыскерлері қатысуда.
Семинар барысында Кәсіподақ төрағасының орынбасары Ерұлан Мағзымбеков «Кәсіподақ ұйымдарының негізгі мақсат-міндеттері және құрылымы. Кәсіподақ мүшелігінің тиімділігі неде?», құқықтық қызмет басшысы-бас инспектор Берік Баймағамбетов «Әлеуметтік әріптестік. Ұжымдық шарт – сала өкілдерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау құралы», Кәсіподақтың құқықтық сұрақтар бойынша еңбек инспекторы Әлия Джолшибекова «Еңбек ақы және оның жасақталу тәртібі», «Еңбекші» кәсіподақтық басылымының бас редакторы Бейбіт Бекназаров «Кәсіподақтың ақпараттық саясаты. Кәсіподақтағы PR кампания» тақырыбында дәріс оқитын болады.
Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының жастар ісі жөніндегі комиссиясының тікелей атсалысуымен өтіп жатқан семинар жұмысшы жастардың әлеуметтік, мәдени дамуына, спортпен шұғылдануына, жастарға тәрбие мен білім беру, кәсіподақ жұмысына жаңа формалар мен тәсілдер енгізу, қоғамдық маңызы бар бастамаларды іске асыру, жастардың әлеуетін кәсіподақ ұйымдары және оның мүшелері үшін пайдалануға жәрдем ету мәселесін сөз етумен басталды.
Құқықтық қызмет басшысы-Бас инспектор Берік Баймағамбетов өз сөзінде еңбек етуші және студент жастардың құқықтары мен мүдделерін әлеуметтік қорғау бойынша шаралар облыстық кәсіподақ ұйымының жастар саясатының негізгі міндеттері болып анықталғанын, олар біздің даму жоспарымызда, салалық облыстық, аудандық келісімдер және ұжымдық шарттарда қарастырылғанын, сонымен қатар, жас жұмыскерлердің заңнамалық құқықтары мен кепілдіктері былтыр қабылданған Еңбек кодексінде де бекітілгенін баса айтты.
Семинардың басталуына дейін қатысушылардан «Қандай сұраққа жауап алғыңыз келеді?» деген сауалнама жүргізіліп, семинар соңынан кез-келген жас көкейінде жүрген еңбек заңнамасы мен өзге тақырыптарды қамтитын сұрақтарға жауап алатын болады. Семинар соңында дәстүрлі түрде оқу орталығының сертификаттары табыс етіледі.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-