
Кәсіподақ ұйымының жұмысын заманауи бағытта ұйымдастыру
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымына қарасты Көксу аудандық комитетінің ұйымдастыруымен күзгі демалыс уақытында мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру мекемелерінің бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларына арналған екі күндік оқыту семинарлары өтті.
М.Құрманов атындағы №2 және Айнабұлақ бекетіндегі №12 орта мектептерінің базасында өткен семинарларға еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары мен белсенділері қатысты.
Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру мақсатында ұйымдастырылған семинар барысында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары ұйымның жылдық жоспарының орындалуы, отырыс хаттамалары мен шешімдерін рәсімдеу, әлеуметтік әріптестік комиссиясының жұмысын ұйымдастыру, тәлімгер мен тәлім алушы арасындағы байланысты дамыту, техника қауіпсіздігін сақтау бойынша іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Әріптестер арасында ынтымақтастық атмосфераны қалыптастыру мақсатында семинар басында мектеп психологтары «Есімдер», «Су құбыры» тақырыбында ойын-тренингтерін өткізді.
Ал семинар модераторы Сағымбала Төкенова ұжымдық шартта көрсетілген әлеуметтік, құқықтық мүдделерін, еңбек қауіпсіздігі, т.б. міндеттердің орындалуына үнемі бақылау жасап отыру, жұмыс берушілердің жылына 1 рет кәсіподақ ұйымының жалпы жиналысында есеп беруі, сондай-ақ «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына-20 қадам» бағдарламасын, Еңбек Кодексі мен «ҚР Білім туралы», «ҚР кәсіподақтар туралы» Заңдарын басшылыққа ала отырып, ұйымдастырылған әрбір іс-шараны заң аясында жүргізу керектігін қадап айтты.
Сонымен қатар, ҚР Еңбек кодексінің 155-бабы және ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының 2015-2017 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік жөніндегі Салалық келісімінің 11.16-тармағына сәйкес еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына жоспарлы түрде қоғамдық бақылау жүргізу тапсырылды. Ұжымдық шарттың тармақтарына сәйкес мұғалім оқу жылы басында тарификациядан 18 сағатпен өтіп, кейін қосымша сағаттар берілген жағдайда бастапқы еңбек шартына қосымша толықтыру жасалу керектігі түсіндірілді.
Семинарға қатысушылар өз сұрақтарына жауап алғандарына разы болып, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
Т.НОГТЕВА,Көксу аудандық кәсіподак комитетініңсектор меңгерушісі
-
Фотографии
-