
Келісу комиссиясындағы кәсіподақ ұйымының рөлі
Келісу комиссиясында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Алматы облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі Еңбекшіқазақ аудандық комитеті филиалының қатысуымен тиімді жұмыстар атқарылды. Үстіміздегі жылдың сәуір айында аудандық филиал төрағасының қатысуымен қызметкердің құқығы қорғалып, мәселе оңтайлы шешімін тапты. Кәсіподақ ұйымдары жұмыс беруші мен қызметкерлер арасында алтын көпір іспетті. Олай дейтін себебіміз, кәсіподақтар жұмысшылардың құқығын қорғауда жұмыс берушілер мен келісімге келе отырып, екі жақты бітімге келтіретін бірегей ұйым.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бес институционалдық реформасы шеңберінде 2016 жылы жаңа Еңбек Кодексі қабылданған болатын. ҚР жаңа Еңбек Кодексі жұмыс берушілермен қызметкерлердің арасындағы еңбек дауларын шешуге, қызметкерлердің толық мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа кодекс бойынша еңбек дауларын шешудің тәртібі айтарлықтай өзгерген. Еңбек дауы – қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек туралы заңдарды қолдану мәселелері жөніндегі, жұмыс беруші (жұмыс беруші өкілі) мен қызметкер (қызметкер өкілі) арасында бұрын реттелмеген жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарын орындау туралы келіспеушіліктер. Еңбек Кодексі бойынша қызметкер жеке еңбек дауын шешу үшін осы кодексте көзделген тәртіппен келісу комиссиясына өтініш білдіруге құқығы бар. Келісу комиссиясында қызметкерлердің мүдделерін қорғайтын орган кәсіподақ ұйымы болып табылады. Бұл еңбек ұжымдарында әлеуметтік тұрақтылық пен кәсіподақ ұйымдары мүшелерінің заңды құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін маңызды құқықтық қызмет.
Келісу комиссиясында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерікәсіптік одағының Алматы облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Еңбекшіқазақ аудандық комитеті филиалының қатысуымен тиімді жұмыстар атқарылуда. 2017 жылдың сәуір айында Еңбекшіқазақ аудандық білім бөліміне Қайназар ауылы Ш.Уалиханов атындағы орта мектептің бұрынғы директоры Т.Т. Аблайхановтан 08.12.2016 жылғы бұйрықпен берілген тіртіптік жазасы және 18.01.2017 жылғы жұмыстан босату туралы бұйрығы бойынша жұмыс орнына қайта орналастыру туралы өтініш берді. Бұған дейін азамат Т.Т. Аблайханов жоғарыда айтылған мәселелер жөнінде сотқа шағымданған болатын. Алайда, сот ұйғарымымен ҚР Еңбек Кодексінің 159 бабының 1-тармағына сәйкес (Шағын кәсіпкерлік субъектілерін және заңды тұлғаның атқарушы органының басшыларын қоспағанда, жеке еңбек дауларын - келісу комиссиялары, ал реттелмеген мәселелеркелісу комиссиясының шешімінің орындалмауы бойынша соттар қарайды.) 31.03.2017 жылғы Т.Т. Аблайхановтың өтінішін қараусыз қалдырды.
ҚР Еңбек Кодексі бойынша келісу комиссиясына келіп түскен өтініш міндетті түрде тіркеуге алынып, жеке еңбек дауы өтініш берушінің және (немесе) Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес берілген өкілеттіктер шегінде ол уәкілеттік берген өкілдің қатысуымен қаралады. 2017 жылдың 13 сәуірі күні азамат Т.Т. Аблайхановтың өтініші бойынша аудандық прокуратураның ұсынысымен аудандық білім бөлімі әкімшілігі және аудандық білім бөлімі кәсіподағының төрағасы Г.С. Калкаев және кәсіподақ ұйымы мүшелері қатысып, жеке еңбек дауын қарап, шешім шығару үшін «Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімі ММ» келісу комиссиясының отырысы өтті. Комиссия отырысына білім және ғылым қызметкерлерікәсіптік одағының аудандық филиалы төрағасы С.Д. Надырбаев сарапшы ретінде шақырылды. Филиал төрағасы С.Д. Надырбаев Т.Т. Аблайхановтың талабына қолдау көрсетіп, осы мәселеле бойынша өз қорытындысын шығарды. Келісу комиссиясы Алматы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің ұсынуымен ҚР Еңбек Кодексінің 66 бабы бойынша Т.Т. Абылайхановқа берілген тәртіптік жазасы бойынша оның мерзімінің аяқталғанын негізге ал ала отырып, бір қорытындыға келді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Т.Т. Абылайхановқа қатысты қозғаған қылмыстық ісі атап айтсақ, Қайназар ауылы тұрғындары Мусина мен Байбатырованың жазған арызы және қызметтік міндеттерін асыра пайдалану фактілері қылмыс құрамында қылмыстық іс-әрекеттерінің болмауы себебінен тоқтатылды. Комиссия аудандық білім бөлімінің Т.Т. Абылайхановқа қатысты тәртіптік жазасының және директорлық қызметінен босату туралы бұйрықтарын жарамсыз деп танып, Т.Т. Абылайхановты қызметіне қайта орналастыру және жұмыстан босатылған күннен бергі еңбекақысының қайтарылуы керектігі жөнінде шешім шығарды. Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 166 бабының 2-тармағы бойынша қызметкердің бұрынғы қызметіне қайтарылуы жөніндегі келісу комиссиясының шешімі міндетті түрде орындалуы тиіс. Аудандық білім бөлімінің бұйрығы бойынша үстіміздегі жылдың 14 сәуірінен бастап Т.Т. Абылайханов Қайназар ауылындағы Ш.Уалиханов атындағы орта мектептің директоры болып қайта тағайындалып, тиісті еңбекақысы төленеді. Қазіргі таңда аудандық кәсіподақ комитетінің қолдауымен Т.Т. Абылайханов мектеп директорлығы қызметін толық сенімділікпен атқаруда. Қызметкерлер кәсіподақ ұйымының келісу комиссиясындағы рөлін, кәсіподақ ұйымының қызметкерлердің әрқашан құқығын қорғаудағы атқаратын қызметтерін сезінуде.