
Еңбекшіқазақ бастауыш кәсіподақ төрағалырының Жаркент бағытына саяхаты
“Туған жер - әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу - шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі”.
Н.Ә.Назарбаев
«Болашаққа бағдар : рухани жаңғыру» атты мақаласына орай туған жердің тарихын терең танып білу мақсатында. «Тарихы терең, табиғаты көркем – туған өлкем!» атты туристік-экологиялық танымдық жорық жобасы әлі де өз жалғасын табуда. 2017 жылы тамыз айының 22 жұлдызында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Алматы облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Еңбекшіқазақ ауданы филиалының қолдауымен 100 кәсіподақ мүшелерінің баллалары саяхатқа барып қайтқан. Осы жобаға қызығушылық танытқан бастауыш кәсіподақ төрағалары Есік-Жаркент бағытына саяхатқа қатысуға филиал төрағасы С.Д.Надырбаевқа ұсыныс жасады. Үстіміздегі жылдың 8 қазанында осы жоба аясында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Алматы облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Еңбекшіқазақ ауданы филиалының ұйымдастыруымен аудан мектептері, мектепарлық оқу комбинаттары мен балабақшаларының кәсіподақ ұйымының төрағаларынан құралған топ Есік – Жаркент бағытында саяхатқа барып келді. Саяхат барысында жазиралы Жаркент өңірінің «Киелі ағаш» кесенесіне, «Көктал - Арасан» балалар сауықтыру орталығына, «Жаркент сәулет-өнер мешіт мұражайына» атбасын тіреді. Жаркентке келіп, оның басты назар аударарлық жері – Жаркент мешітінде болмау мүмкін емес. Осынау ХІХ ғасырдыңаяғында салынғантаңғажайып сәулет ескерткіші ерекше өзгеше: діни құрылыс кірпіштен емес, Тянь-шань шыршаларының бөренелерінен бір де бір шеге қақпастан салынған, интерьерінің нысаны мен безендірілуі бойынша ол көбіне көп мешіттен гөрі қытайдың храмына ұқсас. Құрылыс құламасын ұштары жоғары қарай иілген «биікке қарай шарықтаған төбе» аяқтайды. Ғимаратты айналдыра цилиндрлік колонналары бар және карнизі үлкен галерея орналасқан. «Жаркент сәулет-өнер мешіт мұражайы» тарихи нысаны өзінің әсерлі сәулет өнерінің қайталанбас туындысымен саяхатшыларды таңдай қақтырды. Мұражай директоры Әбдімұрат Қабдықадырұлы Раевтың мұражай тарихы туралы әсерлі әңгімесі ұстаздардың қызығушылығын онан сайын арттыра түсті. Бір шеге қолданбай, ағаштарды қиюластыра салынған мешіт Жаркент уезінің көпесі Вали бай Юлдашевтің шақыруымен келген Қытай шебері Хон Пиктің туындысы бірнеше ғасыр өтсе де айшықты өрнегімен көне тарихтан сыр шертіп тұрғандай.
«Киелі ағаштың» 700 жылдық тарихымен танысып, қасиетті жерге тәуе етті. «Көктал - Арасан» балалар сауықтыру орталығы ұйымдастырған түскі астарын ішті. Сауықтыру орталығының басшысы Жаркент өңірінің қадірлі ел ағасы Құрманжан Ахметқалиевтың шебер басшылығымен ұйымдастырылған қабылдау мен орталықтың көркемөнерпаздары даярлаған концерттік бағдарламасы ұстаздарға үлкен әсер қалдырды. Қала тарихы мен мешіт мұражай тарихынан терең мағлұмат алған саяхатшылар саяхатты осы өлкенің тумасы халқымыздың біртуар ұлы, әйгілі қылқалам шебері Әбілхан Қастеевтің көркемсурет галлереясында жалғастырды.Көрмеде суретшінің таңғажайып туындыларымен, өмірбаянымен танысты. Жорық барысында ұстаздар туған өлкенің тарихи нысандарын тамашалай отырып, үлкен әсер алды. Жорыққа қолдау көрсеткен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Алматы облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Еңбекшіқазақ ауданы филиалының төрағасы С.Д. Нәдірбаевқа және жоба жетекшісі Жанатгул Мошанқызына ризашылықтарын білдірді. Алдағы уақытта да мұндай танымдық жорықтардың берері мол болмақ.
-
Фотографии
-