
ЕҢБЕК ҚАТЫНАСТАРЫ ЕҢБЕК ШАРТЫН ЖАСАУДАН БАСТАЛАДЫ
Жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы еңбек қатынастарын рәсімдеу жұмысының тәжірибесін тарату мақсатында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының Жуалы аудандық комитетінің ұйымдастыруымен семинар өтті. Семинарға кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева, Жуалы аудандық білім бөлімінің басшысы Мәжит Айжанов, Кәсіподақтың аудандық филиал төрағалары мен құқықтық еңбек инспекциясының заңгерлері, аудандағы білім мекемелерінің басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, кәсіподақ активі қатысты.
Қай заманда да мағанасын жоғалтпайтын «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды» деген қанатты сөзді айтып кеткен батыр Бауыржанның атындағы ауылда орналасқан №15 орта мектептің кең залында орналасқан кітаптар галереясын тамашалаудан басталған семинар төрт негізгі бөлімнен тұрды. Алдымен аудандағы әлеуметтік әріптестіктің нәтижелі жұмысы туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Мәжит Айжанов пен аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнұр Қадырбек баяндама жасады. Әлеуметтік әріптестердің ақпаратынан кейін коуч түрінде өткен семинардың алғашқы бөлімі басталды.
«Еңбек шарты дегеніміз не?» және «Еңбек шарты және оны рәсімдеу» деген айтуға ғана қарапайым сұрақтан тұратын алғашты коучты аудандағы іргелі білім ордасы - №1 Г.Орджоникидзе атындағы мектеп-гимназиясының директоры Эльмира Абишева жүргізді. Мектеп басшысы мен балабақша меңгерушісі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы мен кәсіподақ мүшесі: мұғалім мен тәрбиеші, кәсіподақ үйірмесінің модераторы мен жас мамандары бар барлығы бірге араласып үш топқа бөлінген семинар қатысушылары жоғарыда аталған сұрақтың төңірегінде өз ойларын ортаға салып, еңбек шартының қажеттігі, оның маңыздылығы мен мәнін толығымен ашып берді. Арасында рөлдік ойындар ойналып, алғашқы топ – еңбек шартын жасау тәртібі, екінші топ – қоса атқару шартымен еңбек шартын жасау, ал үшінші топ – уақытша жұмыста болмаған қызметкердің орнына қабылданатын жұмыскердің еңбек шартын рәсімдеу бойынша сахналық қойылым өткізді.
Коучтың тәртібі бойынша бес минуттық сергіту сәтінен кейін ойын алаңына шыққан келесі топ №1 Г.Орджоникидзе атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Гүлнара Султашеваның модераторлығымен «Еңбек шартында қарастырылатын мәселелер» тақырыбын талқылады. Топтасқан семинар қатысушылары еңбек шартының мазмұнын ашу керек болатын. Білікті мамандармен жасақталған топтар шартты түрде еңбек шартында қандай мәселелер қарастырылуы керек, онда қандай бөлімдер болғаны ләзім, нені анық көрсету керек, нендей мәселелер нақтылану керек деген сұрақтарға жауап іздеп, әр топ өз нұсқаларын көпшілік алдында қорғап шықты. Ақырғы коуч «Еңбек шарты – еңбек құқықтарын қорғау кепілі» тақырыбында болды. Модератор - №1 Г.Орджоникидзе атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі – Эльмира Жумабаева болды. Ең алдымен модератор алдын-ала дайындалған парақтарды таратып беріп, онда жазылған ойды заңнамаға сәйкес аяқтауды сұрады. Бұл тапсырманы мүлтіксіз орындаған қатысушылар өзге тапсырмаларды да өз деңгейінде орындап, ең алдымен жұмыскерде сауатты жасалған еңбек шарты болмаса, оның еңбек құқықтары да сақталмайтынын дәлелдеп шықты. Қорытынды ретінде Жуалы ауданы бойынша құқықтық еңбек инспекторы Гүлжан Орынбаева «Құқықтық сауаттылық – заман талабы» тақырыбында баяндама жасап, семинар барысында талқыланған сұрақ аясында атқарылған жұмыстары жөнінде ақпарат беріп өтті.
Семинар қорытындысында аудандық филиал төрайымы Гүлнұр Қадырбекқызы осы шараның өз деңгейінде өтуіне атсалысқан бірқатар азаматтарды марапаттаса, өзі де кәсіподақ төрайымы Гүлсін Рахымжанқызынан семинардың жоғары деңгейде өткендігі туралы жылы лебізін естіді.
Семинар соңында сөз алған аудандық филиал төрағалары да еңбек кодексімен міндеттелген еңбек шартының маңыздылығы туралы айтып, тыңдаушылардың заң және құқықтық тұрғыда сауаттылығын ерекше атап өтіп, өз әріптестері Гүлнұр Қадырбектің соны тәжірибесіне жоғары деген бағасын берді.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-