
Қарттарым – асыл қазынам
Қариялар – халқымыздың өткені мен бүгінін жалғастырушы, тұнып жатқан тарихымыз. «Қарты бар елдің – қазынасы бар» деп бекер айтылмаған. Қай кезде болмасын қарияларға ерекше құрмет көрсетілген. Ұрпаққа тәрбие беруде олардың көрген-түйгені мен ақыл-кеңесі тіпті де ерекше.
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт өміріміз – ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің біз үшін қиған жастық шағы, ерен-ерлік күштері.
Елдің, ауылдың бірлігін сақтауда, шаңырақты шайқалтпай, жастарға ақыл-кеңес беруде, немерелерді тәрбиелеуде ата-әженің үлесі шексіз. Қариясы бар үйдің балалары өзгелерден тәрбиесімен ерекшеленіп тұрады: олардың сөздері де, өздері де салмақты. Инабаттылығы, имандылығы, әдептілігі бірден көзге түседі.
Халықаралық қарттар күніне арналған айлық аясында дәстүр бойынша сөзі мен ісі берекелі, ақылы теңіз қарияларды құттықтау мақсатында ұйымдастырылған «Қарттарым –асыл қазынам» атты мерекелік кеш Чаглинка негізгі мектебінде жоғарғы деңгейде болып өтті.
Зал іші ауыл қарттарының фотоларынан жасалған коллажбен безендіріліп, интерактивті тақтадан олардың жастық шағын еске түсіретін слайдтар жүргізілді.
Кеш соңы мектептің ұстаздар ұжымының күшімен ұйымдастырылған мерекелік дастарқанға ұласты.
Алексеевка селолық округінің әкімі Алхатов Қайрат Жансерікұлына осы кешті ұйымдастыруға ат салысқаны үшін алғысымызды білдіреміз.
Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Ахметова Қарлығаш Серікбайқызы
Зеренді ауданы, Ақмола облысы,Чаглинка негізгі мектебі