
«ТИІМДІ КӨШБАСШЫЛЫҚТЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ТӘЖІРИБЕСІ» СЕМИНАР-ТРЕНИНГІ ӨТТІ
Көшбасшылық – ол талант. Оны дамытпасаң өшеді. Дамытып, дұрыс пайдалана алсаң ол сені мақсатқа жеткізіп, табысты адам етеді.Осы орайда өз мүшелерінің көшбасшылық қасиеттерін дамыта отырып, әлеуметтік ортада, қызметінде заман ағымынан қалмай көшбасшылықтың теориялық ұғымдарын тереңінен меңгеріп, тәжірибеде пайдалануын жүзеге асыру мақсатында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымы «Тиімді көшбасшылықтың теориясы мен тәжірибесі» тақырыбында семинар-тренинг ұйымдастырды. Басты мақсат – қатысушылардың көшбасшылық қабілетін дамыту, олардың бойында жетекшілік дағдыларын қалыптастыру, кәсіподақ ұйымдарының жас көшбасшыларының құзіреттілігін көтеру мен ораторлық шеберліктерін дамыту.
Семинарға бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, білім мекемелерінің басшылары, кәсіподақ үйірмесінің модераторлары мен Кәсіподақ қызметкерлері, барлығы 145 тыңдаушы қатысты. Үш күн бойы қатысушылар көшбасшылықтың, табысты адам болудың және көпшілік алдында сөйлеудің қыр-сырларын ойындар мен жаттығулар, жеке рефлексия, жұппен және шағын топтарда жұмыс жасау, дебат, арт-терапия және т.б. әдістемелермен өткен семинар-тренингта меңгерді.
Білім саласындағы түрлі өзгерістер мен жаңаруға көшу білім саласы қызметкерлерінен қосымша қажырлық пен уақытты, сенім мен табандылықты қажет етіп отыр. Осынау қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында ұйымдастырылған семинарды ҚР Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссия мүшесі, WLP әлемдік тренерлер желісінің мүшесі, адами ресурстар бойынша халықаралық сарапшы Наби Гүлзи Әскенқызы жүргізді.
Кез келген қиындықты жеңіп, кез келген істі орындауға болады. Тек соған деген көзқарасымызды өзгертуіміз қажет екен. Мысалы, әрдайым жоспарлап жүру. Жұмыс жоспары емес, өзіміздің өмірімізді жоспарлау. Жылдық, айлық, апталық тіпті бір күндік өмірімізді жоспарлау - уақыт жеткізе алмау, кейінге қалдыру, бастау үшін қорқыныш т.б. кедергілерді жоюға көмектеседі екен. Семинардың бірінші бөлімінде осы дағдыларды меңгерумен қатар өз көзқарасымызбен, ішкі ойымызбен де бөлістік. Семинардың екінші бөлімінде көпшілік алдында сөйлеу және ораторлық шеберлік туралы сөз қозғалды. Семинар соңында барлық тыңдаушыларға Кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева арнайы сертификаттар табыс етті.
Жалпы семинардың жеке тұлға ретінде өзімізді тануға, өз мүмкіндіктерімізді аша біліп, пайдалануға, табандылық пен еркіндігімізді дамытуға септігі тиді. «Егер өмір сізге лимон сыйласа, Сіз одан лимонад жасауға тырысыңыз» демекші жұмыста, ортада, өмірімізде қандай қиындықтар мен кедергілер кездессе де, оның шешімі өз ішімізде екендігіне көз жеткіздік.
Гүлнұр МЕЙРБЕКОВА,ЖАМБЫЛ облысы
-
Фотографии
-