
БІЗДІҢ АЙМАҚТАҒЫ КӘСІПКЕР
Таяуда Жамбыл политехникалық колледжінің басшылығы облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп Еңбек күні мерекесіне орай аталған оқу орнының 1-курсында «Химиялық технология және өндіріс» мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерге арнап «Казфосфат» ЖЖФЗ ЖШС мекемесінде «Біздің аймақтағы кәсіпкер» тақырыбында экскурсия ұйымдастырды. Экскурсия студенттерге кәсіпорынның материалдық базасын таныстырып, болашақ мамандық иелері үшін еңбек адамы мен техникалық кәсіп иесінің мәртебесін арттыруды және өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жаңа оқыту технологияларын енгізуді мақсат тұтты.
Іс-шара барысында Жамбыл политехникалық колледжінің 25 студенті экскурсияға жауапты тұлғалар – Ф.Шайхова, Ю.Рубашкина, С.Наурызкулова және Н.Матмусаевтың жол көрсетуімен аймақтағы химия өнімдерін өндіруші ең ірі кәсіпорын «Казфосфат» ЖШС-не (серіктестікте 31 цех бар, мұнда шамамен 3 мыңға жуық адам еңбек етеді) келіп, осында шығарылып жатқан өнімдердің сапасына жауап беретін зертханаларды аралап көріп, олардың қызметтерімен танысты. Атап айтқанда, студенттер кәсіпорындағы «Аналитикалық», «Препараттық», «Хроматографиялық», «Фосфор», «Технологиялық» және «Май» зертханаларында болып, кәсіпорын мамандарының аузынан фосфор өнімінің қалай өндірілетіндігін естіп, біліп, оның қалдықтарынан қандай тыңайтқыштардың шығарылатындығы туралы терең ақпарат алды.
Қазіргі таңда кадрлар даярлау ісі өңір экономикасының басым бағыттарының бірі – химия саласы үшін «Химиялық технология және өндіріс» мамандығы бойынша студенттерді германдық білім беру бағдарламасы негізінде оқыту арқылы жүзеге асырылуда. Осыған байланысты аталған мамандық бойынша білім алып жатқан студенттер оқу орны мен кәсіпорын басшылығы арасында жасалған келісім-шартқа сәйкес оқу барысында өндірістік, технологиялық практикадан өтуде. Жоғарыда біз сөз еткен экскурсия соның бір айғағы бола алатындай.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ
-
Фотографии
-