ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІ БИІК ӘРІ МӘҢГІЛІК
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Ұстаз, әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Ұстаз еңбегі - ұлы еңбек. Сондықтан, біздің әрқайсымыз өлшеусіз еңбегі үшін оларға әрқашан басымызды иеміз. Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек.
Соның бір жарқын дәлелі ретінде аудандық мәдениет үйінде мұғалімдер қауымының кәсіби мерекесіне орай, ұстаздардың ерен еңбегін бағалап, оларға құрмет көрсету мақсатында Сарысу ауданы әкімдігінің білім бөлімі мен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жамбыл облыстық ұйымының Сарысу аудандық комитеті» Филиалының ұйымдастыруымен «Ұстаз мәртебесі - биік, мәңгілік» атты мерекелік шара өтті. Мерекелік шараға аудан әкімі, аппарат жетекшілері, маслихат хатшысы, мекеме басшылары, ауылдық округтердің әкімдері, 27 ардагер ұстаздар және білім беру ұйымдарынан 430 ұстаз шақырылды.
Салтанатты сәтте аудан әкімі Балабек Нарбаев мереке иелерін құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Ол өз сөзінде білім саласындағы соңғы жылдарда орын алған білім нысандарының бой көтеруі, ұстаздар қауымының бағындырған биік белестеріне тоқталды және білімді әрі тәрбиелі ұрпақ жетілдіруге қомақты үлес қосып, қызметте алдыңғы қатардан көрінген бір топ ұстаздарды, ауданымыздағы оқыту үрдісін жетілдіру мен сапалы білім берудегі жемісті еңбектері үшін Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының Құрмет грамотасы мен білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіруге қосқан елеулі жеке үлесі және облыстың қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының Құрмет грамотасы, аудан әкімінің және «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ, аудандық мәслихат хатшысы Сағынбек Бегеев те ұстаздар қауымына ең ізгі тілектерін жеткізе отырып, бірнеше білім қызметкерлерін ауданның Құрмет грамотасымен мен Алғыс хаттармен марапаттады.
Кеш барысында ардагер ұстаздарға сыйлықтар берілді. Мәдениет үйінің фойесі мен сахна тақырыпқа сай безендіріліп, ұстаздар мерекесіне орай слайдтар көрсетілді. Салтанатты шара сазды бағдарламамен ұласты. Кеш барысында білім, ұстаз туралы бейнероликтер көрсетіліп, «Ұстаз-ана» әнін оқушылар хормен орындады. Осылайша, жүздеріне шаттық ұялаған зал толы ұстаздар қауымы ерекше көңіл-күйге бөленіп, ризашылықпен тарқасты.
Сарысу аудандық кәсіподақ комитеті
-
Фотографии
-