Ұжымдық шарттың орындалу барысы тыңдалды
«Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымы»ҚБ Панфилов аудандық комитетінің ұйымдастыруымен ұжымдық келісім шарттың орындалу барысы жайлы Крылов атындағы орта мектептің директоры мен бастауыш кәсіподақ комитеті төрағасының есебі тыңдалды.
Жиынды Панфилов аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мақытбек Әділұлы жүргізіп, ұжымдық шарттың маңыздылығын жеткізіп, жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы еңбек жағдайы, жалақы мөлшері, жұмыс уақытының ұзақтығы, жұмыстан ауыстыру, босату, демалыс уақыты, зейнетақы мен жәрдемақы төлеу шарттары сынды мәселелердің орындалуына тоқталды.
Крылов атындағы орта мектептің директоры Гүлнәр Сүлейменқызы білім ордасының тыныс –тіршілігін баяндады. Өзі басқарып отырған мекеме 2006 жылы күрделі жөндеуден өткенін айтып, қазіргі таңда 351 оқушыға 41 жоғары білімді ұстаз дәріс беріп жатқанын жеткізді. Ал аталмыш оқу орнындағы кәсіподақ комитетінің төрағасы Бейсенбай Туғанбаев барлық жұмыстарды мектеп басшылығымен бірге жасайтындығын және жазғы демалыс науқанында ұстаздар мен техникалық қызметкерлерге теңдей шипажайға жолдама беріп, демалтатындығын жеткізді.
Кездесу соңында Мақытбек Тұрлыбеков ұжым мүшелерінің сұрақтарына толыққанды жауап қатып, мектеп басшысының жұмысына қанағаттанарлық деген баға қойып, алғысын білдірді.
М.Жұмабек,«Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы
Талдықорған аумақтық ұйымы» ҚБПанфилов аудандық комитетінің маманы
-
Фотографии
-