Қарт ұстаздарға құрмет көрсетілді
Көпті көрген қарияларға қашанда құрмет көрсету парыз.
Осы ретте ұстаздар мерекесі және қарттар күніне орай білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Талдықорған аумақтық ұйымы «Шапағат» Текелі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушыларымен кездесіп, мерекелерімен құттықтады.
Талдықорған аумақтық ұйымының бас маманы Ғизат Жампейісов ардагерлерді құттықтап, жылы лебізін білдіріп, сыйлықтар табыстады.
Қазіргі таңда қарттар үйінде 284 адам тұрады. Оның 9-ы әр жылдары білім саласында еңбек етіп, бүгінгі күні зейнеткерлікке шыққан азаматтар.
Қарттар үйінің сыйлы тұрғындарының бірі – Чичерина Анна Степановна. Ол1925 жылы Ресей жерінде дүниеге келген екен. 1949-1979 жылдар аралығында Текелі қаласындағы №5 орта мектепте, мектеп –интернатында орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен. Қарт ұстаз өз сөзінде соғыс жылдары қиындыққа еш мойымағандығын, бейбіт заманда аянбай еңбек еткенін айтып, мекеме тұрғындары атынан қоғам үшін тер төккен ардагерлерге құрмет көрсетілгеніне алғысын білдірді.
Осылайша ардагерлердің шағын бас қосуы оларды бір серпілтіп тастады.
Айта кету керек, «Шапағат» Текелі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғындарына өздерін қоғамнан шеткері сезінбеуі үшін барлық жағдай жасалған. Бөлмелер заманауи талапқа сай, демалуға, спортпен, қолөнермен айналысуға барлық мүмкіндік бар.
Талдықорған аумақтық ұйымының
баспасөз қызметі
-
Фотографии
-