
МЕРЕКЕ ҚҰШАҒЫНДА ҰСТАЗДАР
Қызылорда облысы Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде Қазанның айының 3-і күні аудан әкімдігінде ұстаздарға арналған мерекелік қабылдау өтті. Құрмет төріне мұғалімдердің арасында 2016-2017 оқу жылында жетістікке жеткен үздіктер болды. Төл мерекемен ұстаздар қауымын құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова аудан басшысының ыстық сәлемін жеткізді.
- Ұстаз - қасиетті де, құрметті мамандық. Ұстаздың алдынан ақын да, ғұлама да, қарапайым жұмысшы да тәлім алып шығады. Бүгінде 40 мың халқы бар ауданның жеткіншектеріне білім мен қатар тәрбие де беріп келесіздер. Ауданның білім саласы ҰБТ-ы көрсеткішінен алдыңғы қатарға шықты. Жас түлектердің оқу орындарына оқуға түсуі, жұмыла жасаған жұмыстың жемісі. Сіздерге осы қабылдауда аудан әкімі Ғанибек Қонысбекұлының сәлемін, алғысын жеткіземін, -деді Балшекер Сұлтанбекқызы.
Сонан соң ұстаздардың әрқайсысын жеке-жеке атап, жетістіктерін айтты.
Ауданның ұстаздар қауымын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы құттықтады.«Мұғалімнің өзге мамандықтан ерекшелігі – оның үйіне келгенде де демалмайтыны, 45 жыл мұғалім болсам да, 45 минуттік сабаққа дайын болатын мұғалім – шын мәнінде ұлы тұлға»-деп ұстаздың қадір-қасиетіне алғысын білдірді.
Үздіктердің үздігі шақырылған қабылдауда ұстаздар атынан мектеп басшылары Б.Сағындық, И,Әбдіхалық, ұстаз - Әсия Рахманқұлова, білім қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің төрағасы А.Есназар, білім бөлімінің басшысы Б.Суюбаева, білім саласына жасалған қамқорлыққа, аудан басшылығына алғыстарын жеткізді.
Шынайы көңіл мен мерекелік қуанышқа бөленген ұстаздар қауымына аудан әкімінің Алғыс хаты мен сый-сияпаты табыс етілді.
Ұлы данышпан Әль-Фараби «Адамға білімнен бұрын тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» дегендей саналы тәрбие мен сапалы білім беріп жүрген барша ұстаздар қауымы осы күні құрмет пен қошеметке кенелді.
Б.ЖАНӘЛІ
-
Фотографии
-