
ҰСТАЗДЫҚ – ҰЛЫ ҚЫЗМЕТ
Мұғалімдер күні мерекесіне орай «Баласағұн» орталық концерт залында «Ұстаздық – ұлы қызмет!» атты салтанатты жиын болып өтті. Ұстаздар қауымының мәртебесін көтеру, озық педагогикалық тәжірибені тарату мақсатында өткен жиынға жоғары оқу орындарының басшылары, еңбек ардагерлері мен үздік педагогтардан құралған барлығы 950 білім қызметкері қатысты.
Айта кетерлігі, ағымдағы жылы облыстың 1724 педагогі республикалық, халықаралық деңгейде өткізілген олимпиадалар мен байқауларға қатысты. Оның 310-ы жеңімпаз атанса, бұл көрсеткіш былтырғы жылы 259 педагогты құраған болатын. Өз кезегінде облыста мұғалімдердің біліктілігін арттыруға, имиджін көтеруге, материалдық ынталандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтсақ, 2012 жылдан бастап 19 педагог Республикалық «Үздік педагог» байқауында жеңімпаз атанып, мың айлық көрсеткіш негізіндегі грантты иеленіп келеді.
Ал, ағымдағы жылы «Орта білім беретін үздік ұйым» болып танылған облыс әкімдігінің білім басқармасының «Ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатына» ең төменгі жалақының 800 еселенген мөлшері көлемінде 19567 200 теңгенің гранты берілді. Сонымен қатар, Қордай ауданы №1 мектеп-гимназиясы, Байзақ ауданы Сарыкемер мектеп-гимназиясы, Тараз қаласы №41 көпсалалы гимназияның педагогтары «Табысты мектеп» номинациясы бойынша 500 мың теңгенің сертификаттарын иеленді. Аталған жетістіктер – облыс мектептеріндегі инновациялық бағытта жүргізілген жұмыстарының нәтижесі.
Бұдан бөлек, облыста білім беру жүйесін жаңғырту мақсатында оқыту үрдісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізуге ерекше назар аударылып келеді. Педагогтардың 67,3%-ы өз сабақтарында 20-дан астам инновациялық технологияларды қолданады.
Еске сала кетсек, салтанатты жиында жоғары шығармашылық әлеуетімен ерекшеленген үздік мұғалімдер дипломдармен, алғыс хаттармен, сондай-ақ «Үздік тәрбиеші», «Үздік менеджер», «Үздік директордың орынбасары», «Үздік қосымша білім беру педагогі», «Үздік кәсіподақ көшбасшысы» номинацияларымен және сыйлықтармен марапатталды.
Перизат БАҚЫТ,ЖАМБЫЛ облысы
-
Фотографии
-