
Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Жылда жаңа оқу жылымен қатарлас келетін Ұстаздар күні мен 1 - қазан мейірім мен ізгілік мерекесі де күздің үлесіне тиіпті. Қармақшы аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитеті осы мерекелерге орай ардагерлерді және білім саласында жетістікке жеткен бір топ ұстаздардың басын қосып, аудан әкімі Мақашов Сұлтан Ысқақұлының қабылдауын ұйымдастырды.
Қабылдауда аудан әкімі С.Ы.Мақашов білім саласында ұзақ жыл еңбек етіп, қазіргі таңда зейнет демалысында отырған 80,75,70 жасқа келген 12 ардагер ұстаздарына және жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі ізденісті жұмыстары мен білім саласы қызметінде жетістікке жеткен 16 ұстаздарға жылы лебізін білдіріп, мерекелерімен құттықтап, алғыс білдіріп, сыйлықтар табыс етілді.
Қабылдауда ардагері Жаханова Шакизада апамыз сөз сөйлеп, алғысын білдірсе, № 121 мектебінің мұғалімі Алматова Гүлнәр Шәрібекқызы ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, ақ тілегін арнады.
Мерекелік қабылдауда Т. Салқынбайұлы атындағы балалар әуез мектебінің мұғалімдері ән мен жырдан шашу шашты.
-
Фотографии
-