Кәсіподақ ұйымының төрағасы біліктілікті арттыру курсының тыңдаушыларымен кездесті
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет. Мектептердің және мұғалімдердің деңгейі, әсіресе ауыл мен қалада әртүрлі. Білікті педагогтардың жетіспеу проблемасы да бар. Сондықтан, осының барлығын ескеріп, ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізуіміз керек» деген болатын.
Елбасының тапсырмасын орындауда атқарушы органдар тиісті жұмысты атқаруда. Білім және ғылым министрлігінің бағдарламасы бойынша 2017-2018 оқу жылдарында үш тілде білім беру кезең-кезеңімен енгізіле бастады.
Бүгінгі күні Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында барлығы 408 мұғалім тілдік біліктілік деңгейін арттыру курсынан өтуде. Оның ішінде ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің саны -318.
Осы ретте, 28 қыркүйек күні білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Талдықорған аумақтық кәсіподақ ұйымының төрағасы С.Әбдіқадыров біліктілігін арттыру курсының тыңдаушылары - ағылшын тілі пәні мұғалімдерімен кездесті.
Кәсіподақ ұйымының бастамасымен Ломоносов атындағы № 5 орта мектептебінде өткен кездесуге облыстық білім басқармасы басшысының орынбасарыМ.Омарова қатысты.
Кездесудің мақсаты – Алматы облысының әр ауданынан келген ұстаздардың әлеуметтік жағдайымен танысу, мазалап жүрген мәселелерінің шешілуіне ықпал ету.
Кездесу барысында кәсіподақ ұйымының төрағасы өз сөзінде бүгінгі кездесу өзекті мәселелерді талқыға салатын сұхбат алаңына айналуы қажет, Талдықорған аумақтық ұйымы кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау,мәселені дер кезінде анықтап, заңға сәйкес, іскерлікпен шешіп, жұмысшылардың жағдайын жақсартуға дайын екендігін жеткізді.
«Алматы облысы бойынша жұмыс жасап жүрген 33 мың астам ұстаздың 2 мыңнан астамы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Биылғы жылы 300 ден астам ұстаздың тілдік біліктілік деңгейін арттыру мақсатында республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, мұғалімдердің тегін білім алуына мүмкіндік жасалды», -деді өз сөзінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Майгүл Тілеутайқызы.
Пікір алмасу барысында ұстаздар жатахананың қымбатшылығы, шәкіртақыға қатысты сұрақтарына жауап алды және бірқатар мәселелер шешімін тапты.
Кездесу соңында курсқа қатысушы мұғалімдер өз алғыстарын білдірсе, тиісінше кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Нұрсапаұлы ұстаздардың ұрпаққа білім мен тәрбие беруге бағытталған істеріне табыс тілеп, мемлекетіміздің келешегі кемел болуы үшін бір кісідей атсалысуға шақырды.
Талдықорған аумақтық ұйымының
баспасөз қызметі
-
Фотографии
-