
Ажары мен абыройы асқақ көрме
Биылғы жыл Тәуелсіз Қазақстанның тарихында ойып орын алатын, айтулы оқиғасымен есте қалатын жыл болары анық. Себебі 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме өз қонақтарына есігін айқара ашты.
ЭКСПО көрмесінің 166 жылдық тарихы бар. Ол ең алғаш рет 1851 жылы Лондон қаласында өткен. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін Қазақстанның жеңіп алуы біз үшін зор мақтаныш болды. Әлемдік деңгейдегі шараны ұйымдастыру, қатысу – қай елдің болса да ғылымдағы, мәдениетіндегі жетістіктерін паш етуге тамаша мүмкіндік. Көрменің «Болашақтың энергиясы» деген тақырыпты алуы да тегіннен-тегін емес. Бұл энергия тұтыну проблемасына алаңдаушылықтан, энергия көздерін үнемдеу қажеттіліктерінен туындаған. Энергия көздерін үнемдеу болашақ үшін өте қажет. Сонымен бірге күн энергиясы, жел, су сияқты баламалы энергия көздерін тиімді пайдалануға үндеу – әлем елдері үшін үлкен өнеге.
ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылған алғашқы күніненбастап әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған адамдар сәулетті Астанамызға ағылып келе бастады. Ару Астанамыздың әсем келбеті, шебер ұйымдастырылған көрме келушілерді ерекше сезімге бөледі. Әлемдік деңгейде ұйымдастырылған осынау шараға аудан халқының да көптеп барғаны анық. Олардың ішінде мекеме басшылары, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, ұстаздар, зейнеткерлер мен балалар да бар. Бір айта кететіні, көрмені тамашалауға аз қамтылған отбасы балалары мен көп балалы отбасылардың балалары да мүмкіндік алды. Аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан қолдау көрсетіліп 125 кәсіподақ ұйымының мүшелері, 60 ұйым мүшелерінің балалары қатысып келді.
Сарыарқаның төрінде өткен көрмені алғашқы боп тамашалағандардың бірі – Қопа орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Бакиев Жоламан.
-Кормеден ерекше сезімде оралдым. ЭКСПО көрмесін тамашалау барысында Қазақстан, Ресей, Қытай, Жапония, Германия, АҚШ сияқты елдердің павильондары ерекше қызығушылық туғызды. Әсіресе, Ресей елінің Арктикалық қалашығы және энергия көздерін алудағы жаңашыл әдістері мені таңқалдырды. Қазақстанның зор әлеуетін танытатын сегіз қабатты «Нұр әлем» павильонының да құрылысы ерекше. Оның әрбір қабатында жел энергиясы, су энергиясы сияқты баламалы энергия көздерін игерудегі Қазақстанның іс-тәжірибесі жан-жақты таныстырылды. Сонымен бірге көрмені аралау барысында Египет, Үндістан, Иран елдерінің павильондарынан ежелгі тарихи ескерткіштерді өзге елге шықпай-ақ көруге мүмкіндік алдым.
Еңселі елорданы көруге еліміздің әрбір жеткіншегі асық. Бүгінде мәдениеттің ошағы, білім-ғылымның ордасы болып отырған Астанаға баруға мумкіндік алғанына мектебіміздің озат оқушысы Дариева Жұлдыз да ерекше қуанышты. Жұлдыз өз сөзінде осындай қолдауға ие болған мектептің оқушыларының атынан алғысын білдірді.
-ЭКСПО көрмесін аралауға мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын. Бұл сапарда мен әлемдік деңгейдегі кормені тамашаладым және «Астананы көрсем» деген арманымды жүзеге асырдым. ЭКСПО көрмесі арқылы мен бір күнде бірнеше мемлекетті аралауға мүмкіндік алдым. Олардың мәдениетімен танысып, әлемдік өркениеттің қаншалықты алуан түрлі екендігіне көз жеткіздім.
ЭКСПО-2017 көрмесі Тәуелсіз Қазақстанның ең көлемді жобасы. Оның жоғары деңгейде өтуі Қазақстанды әлемге жан-жақты танытуда үлкен жұмыс болды.
Ел игілігі үшін атқарылған ізгі шараға қатысқан кәсіподақ мүшелерілерінің атынан Ақтөбе облысыТемір аудандық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымына алғысымызды білдіреміз.
Ақтөбе облысы,Темір ауданы,Қопа орта мектебініңқазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымыСугурова Алтынгүл Нурлыбайқызы
-
Фотографии
-