Кербұлақ ауданында жас мамандармен кездесу өтті
Ұстаз - ұлағатты есім. Ал мектеп үлкен өмірге жолдама беретін киелі шаңырақ. Еліміздің ертеңі болатын азаматтарды тәрбиелеу – ұстаздар қауымының басты міндеті. Әсіресе кеше ғана жоғары оқу орнын тәмамдап, мұғалім деген атқа ие болып отырған жас ұстаздардың орны бөлек. Білім саласындағы ізгі жұмыстарды жалғастыру, дамыту және «Мәңгілік Ел»жалпыұлттық идеясы негізінде алға қойған мақсаттарға жету – олардың басты міндеті.
Осы орайда Кербұлақ ауданы білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ кеңесінің төрайымы Ләззат Момбаеваның ұйымдастыруымен Сарыөзек кенті Д.Қонаев атындағы орта мектебінде ауданның білім ордаларында еңбек жолын бастаған жас ұстаздардың қатысуымен басқосу өтті.
Кездесуге аудандық экономика бөлімінің бас маманы Е.Әденов, аудандық жастар ресурстық орталығының кеңесшісі, «Күреңбел жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Р.Байжан, жас ұстаздар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шараны аудандық білім саласы қызметкерлері кәсіподақ кеңесінің төрайымы Ләззат Қайдарқызы ашып, мұғалім мамандығы өте қадірлі мамандық екенін, осы жолды таңдаған жастардың өмір жолында туындайтын мәселердің шешілуіне кәсіподақ комитеті әрқашан көмек қолын созатынын айтты.
«Кербұлақ жұлдызы» газетінің тілшісі Д.Аманқызы өзінің енбек жолын бастаған кездегі қызықты оқиғалармен бөліссе, аудандық экономика бөлімінің бас маманы Е.Әденов «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2009 жылдан бері ауданға келген 398 жас маманның 228-і көтерме жәрдем ақы, 170-сіне тұрғынүй алу үшін несие берілгенін тілге тиек етіп, мемлекеттік бағдарламаның ережесіне толығырақ тоқталып, жастардың сұрақтарына жауап берді.
Өз кезегінде жастар ресурстық орталығының кеңесшісі, «Күреңбел жастары» үкіметтік емес ұйымының төрағасы Р.Байжан сөз алып, қоғамдық бірлестіктің қызметіне тоқталды.
Жас ұстаздар бұдан соң өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, ой-пікірлерімен бөлісті.
Кездесуді қорытындылаған кәсіподақ комитетінің төрайымы Л.Қайдарқызы жас мамандармен бірлесіп өткізетін іс-шаралардың жоспарымен таныстырып, алдағы күндері волейбол, шахмат, тоғызқұмалақтан облыстық спартакиада өтетіндігін айтып, жастарды белсенділік танытуға шақырды.
Шара соңында кәсіподақұйымы аудандық комитеті жанынан құрылған жастар кеңесінің құрамы қарастырылып, жаңа мүшелермен толықты. Өз кезегінде жас мамандар аудандағы білім саласына үлестерін қосатынын білдірді.
Айта кететін жәйт, бүгінгі таңда Кербұлақ ауданында 14 - 29 жас аралығындағы жастар саны - 10301 адам. Бұл аудандағы тұрғындар санының 27 пайызын құрайды.
Талдықорған аумақтық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-