Алматы облысында білім қызметкерлерінің тамыз кеңесі өтті
24 тамыз күні облыс орталығы Талдықорған қаласында Алматы облысы білім қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Облыс әкімі А.Баталовтың қатысуымен өткен кеңеске ұстаздар қауымының өкілдерінен бөлек білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Талдықорған аумақтық, аудандық және қалалық ұйымдардың төрағалары қатысты.
Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Л.Базарқұлова өзінің баяндамасында өткен оқу жылының қорытындысы мен жаңа оқу жылында жүктелетін негізгі мәселелерге тоқталды.
Күннің екінші жартысында «Елбасы Н.Назарбаевтың «Жаңғырту 3.0» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру аясында Талдықорған аумақтық кәсіптік одағының 2017-2018 оқу жылына қойған мақсаттары мен міндеттері туралы» тақырыбында аудандық және қалалық кәсподақ ұйымы төрағаларына арналған тамыз педагогикалық кеңесінің секциялық жұмысы өтті. Отырысты Талдықорған аумақтық ұйымның төрағасы Садық Әбдіқадыров жүргізді.«Елдегі ең ірі қоғамдық ұйым – Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлер кәсіподағы Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға барынша жауапкершілікпен қарауда. Демократиялық қоғамның ірі институттарының бірі ретінде құрамында33 мыңнан астам мүшесі, 516 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Талдықорған аумақтық ұйымы да Жолдауда көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыруда өз міндеттерін айқындады», - дейді Садық Нұрсапаұлы.
Қоғамдық бірлестіктің төрағасы өз сөзінде қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасының алшақтығына, өңірдегі білікті педагог мамандардың тапшылығына тоқталып, кәсіподақ ұйым төрағаларын Елбасы Жолдауында қойылған міндетті орындау үшін бірінші кезекте шағын мектеп мұғалімдерінің біліктілігін көтеруге мән беріп, жергілікті билік өкілдері және білім мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс жасауға шақырды.
Секция жұмысы барысында Талдықорған аумақтық ұйымның бас мамандары Г.Омарова, А.Арымбаева, Ғ.Жампейісов, Л.Сағынғалиқызы өз салалары бойынша бағыт-бағдар берсе, Көксу аудандық ұйымының төрайымы Сағымбала Күлсейітқызы аудандық кәсіподақ комитетінің жұмыс берушілермен өзара байланысы және әлеуметтік серіктестікті дамыту бағытында атқарған жұмысы бойынша тәжірибесімен бөлісті.
Отырыс барысында бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру, аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттері жанынанжастар ісі жөніндегі комиссияларды құру, кәсіподақ мүшелерінің сапалық құрамы мен оларды оқыту, әлеуметтік әріптестік жөніндегі келісім шарттарының орындалу барысы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың мәртебесі жайлы сөз болды. Кәсіподақ мүшелері өз ойларын жеткізіп, пікір алмасты.
Талдықорған аумақтықұйымының баспасөз қызметі
-
Фотографии
-