
Білім беру мекемелері кәсіподақтың бақылауында
Кәсіптік одақтар қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінсақтаудың маңызды кепілдіктерінің бірі.
Осы ретте, білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Талдықорған аумақтық ұйымы білім саласы қызметкерлерін еңбек және әлеуметтік қатынастарға байланысты қорғауды, ұстаздардың жұмыс орындарында қауіпсіздік талаптарының сақталу барысымен танысу мақсатында Көксу ауданындағы білім беру мекемелерінің 2017-2018 оқу жылына дайындығымен танысып қайтты.
Тексеру барысында жұмыс орындары орналасқан ғимараттар құрылысы жағынан өздерінің функционалдық мақсатына, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сәйкес болуына, жұмыс жабдықтарының қауіпсіздік нормаларына сәйкес келуіне, тиісті техникалық паспорттарының, ескерту белгілерінің болуына, авариялық жолдар мен жұмыскерлердің үй-жайдан шығатын жолдардың белгіленуіне, жұмыс орындары орналасқан үй-жайдағы температура, жарық, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігіне назар аударылды.
Талдықорған аумақтық кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров бастаған топ Балпық би, Мәмбет және Еңбекшіқазақ елді мекендеріндегі білім ошақтарын көрді. «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам аясында ұлттық білім нысандарының сапасын арттыру, орта білім беру саласына жаңа стандарттарды енгізу жөнінде нақты тапсырмалар берілген. Біздің міндетіміз - әлемдік бәсекеге төтеп беретін, жаңа өзгерістерге бейім, білікті де білімді ұрпақ тәрбиелеу. Ұстаз мәртебесінің жоғары болуы білім сапасын арттырудың бірден бір кепілі. Оған бүкіл қоғам болып атсалысу керек. Ел тыныштығы мен бірлігін сақтай отырып, салалық білім және ғылым қызметкерлер кәсіподағы педагогтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау жолында аянбайды», - дейді қоғамдық бірлестіктің төрағасы.
Сонымен қатар,Талдықорған аумақтық кәсіподақ ұйымының төрағасы С.Әбдіқадыров Балпық би ауылындағы Құндақбаев атындағы орта мектептің ұжымымен кездесіп, сұрақтарына жауап берді және қоғамдық бірлестіктің 2017-2017 оқу жылына қойған мақсат-міндеттермен бөлісті. Ал Талдықорған аумақтық кәсіподақ ұйымының бас маманы Ғ.Жампейісов орта мектептерінің техникалық инспекторларына әдістемелік көмек көрсетті.
Айта кететін жайт, тек биылғы 2017 жылы 23 білім беру нысандарының күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 4 млрд.740,7 млн. теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде 18 мектеп, 4 балабақша және 1 колледж бар. Аталған нысандардағы күрделі жөндеу жұмыстары уақытында аяқталады деп күтілуде.
Талдықорған аумақтық салалық кәсіподақтың баспасөз қызметі.
-
Фотографии
-