Ұстаздарға арналған жазғы демалыс
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі мен қалалық білім кәсіподағының ұйымдастыруымен ұстаздарға арнап Қамбаш көлі жағасында орналасқан «Наурыз» демалыс орнына40 жолдама берілді.
Сыр өңірінің аймақтық туризм ажарына айналған Қамбаш көлі – Арал ауданы Қамыстыбас елді мекеніндегі ғажайып су айдыны. Суы мөлдір әрі емдік қасиеті мол. Жазғы маусымдағы демалыс күндерді өткізуге қолайлы орындардың бірі болып табылады.
Демалыс аясында түрлі тақырыптарға арналған тренингтер, мәдени-концерттік бағдарламалар мен спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Жеңімпаздар тиісті сыйлықтармен марапатталды.
Ұстаз еңбегі бағаланатын керемет демалыстар жұмысқа деген белсенділікті арттыра түсетіні сөзсіз. Кешкі алау жағылып, ән-би кештерінде билеп, естелікке суретке түсіп, суға шомылып сергіп қалды. Жан сергітер қызықты демалыс сыйлаған кәсіподақ ұйымына алғыстарын айтып, демалушылар бір-бірімен қимай тарқасты.
Оразгүл Утамбетова,
Қызылорда қаласы
№ 278 мектеп мұғалімі.