
«Тәні саудың – жаны сау...»
«Еңбек адамына лайықты өмір» ұранын алға тартқан кәсіподақтар өз мүшелеріне әлеуметтік қорғау мен қолдау көрсететін бірден бір қоғамдық ұйым.
Жарғылық міндетін мүлтіксіз орындайтын кәсіптік одақтар қатарында білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы өз мүшелеріне ерекше қамқорлық жасайды.
Кәсіподақ мүшелерінің рухани дамуына ықпал етіп, олардың жұмыстан бос уақытын ұтымды ұйымдастыруға, денсаулығын қорғап, еңбек етушілерді сауықтыруға білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы ерекше ден қояды.
Білім қызметкерлері Меркі, Сарыағаш, Манкент, Жаңақорған, Көктем, Увильды, Оқжетпес, Самал, Ақ ниет, шипажайлары мен ГРЭС сауықтыру орындарында өз денсаулықтарын түзеуге мүмкіндік алған.
Ұстаздың еңбегі мейлінше күрделі екенін ескеретін болсақ, оны демалыс айларында емдеу-сауықтыру орындарына жіберу, көпшілік демалыс шаралармен қамтудың қаншалықты маңызды екендігі айқын байқалады.Жазғы демалыс кезінде еңбекшінің қаншалықты тынығып, демалып, сауыққандығы оның келесі оқу жылындағы, еңбек жылындағы жұмыс сапасының қаншалықты болатындығының кепілі.
Бүгінгі күнгі нарық заманында мәртебелі демалыс орындарына, шипажайларға қымбат жолдама алуды екінің бірінің қалтасы көтере бермейді.Сондықтан, Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымы қаражат жағынан да тиімді, әрі көпшілік қауымды сауықтыруға мүмкіндік беретін жаппай сауықтыру шараларын жүргізуді дәстүрге айналдырды. Жылма-жыл мейлінше бұқара көпшілікті сауықтыру көлемі де артып отыр. Мысалы, ең алғаш осы тәжірибені бастаған сонау 2001 ж. әртүрлі дәрежедегі сауықтыру шараларымен 655 сала қызметкері қамтылған болса, үстіміздегі 2017ж. тек жаз мезгіліндегі демалыс маусымында демалып, сауығушылардың саны 4000-нан асып отыр.
Сауықтырылғандар санының үлкен үлес салмағын жыл сайын Ыстықкөл жағалауында демалған білім қызметкерлері құрайды Сауықтыру шараларын ұйымдастыру барысында ұстаздарымыз бен саланың өзге де қызметкерлерінің толыққанды демалуына барлық жағдай жасалады. Ыстықкөл жағалауындағы демалысты ұйымдастыру кезінде де ең жақсы демалыс үйі таңдалды. «Ала Тоо» демалыс үйінде облыстық ұйым қатарынан 18 жыл бойында сала қызметкерлерін сауықтырып келеді. Табиғаты әсем, суы шипалы Ыстықкөлде демалғысы келетін сала еңбеккерлерінің саны да жыл сайын арта түсуде. Егер ең алғашқы 2001 жылы – Ыстықкөлде демалғандар саны 324 адамнан басталған болса, биылғы жазда – 1200-ден аса кәсіподақ мүшелері-сала қызметкері мен олардың жанұя мүшелері сауығып отыр.
Жылдағы дәстүр бойынша үстіміздегі жылы да демалушылар бірнеше кезеңде сауықтырылды. Алғашқы кезең 7 шілдеде басталып, кәсіподақтық сауықтыру аясындағы демалушылардың соңғы легі шілденің 22-не елге оралды.
2015 жылдан бастап Кәсіподақтың Қостанай облыстық ұйымы әулиеаталық әріптестердің ұсынысы мен шақыруын қабыл алып, ыстық көл жағалауына өз ұстаздары-кәсіподақ мүшелерін сауықтыруға жолдау шарасын дәстүрге айналдыруда. Осы ретте, 2016 жылы қостанайлық 27 кәсіподақ белсендісі ыстық көлдің суына шомылып, саф ауасымен дем алып, керемет табиғатын тамашалаған болса, үстіміздегі жазғы маусымда олардың қатары 115 адамды құрады. Бұл екі облыстық ұйым арасындағы тек әріптестік байланыс емес екі аймақтың кәсіподақ мүшелері-ұстаз қауымының кәсіби ынтымағы мен бірлігінің символына айналған игі шара болып отыр.
Ыстық көл жағалауы жамбылдық ұстаздар демалып, сауыққан күндер бойы әнге, биге, көтеріңкі көңіл-күйге толы болады.
Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымы құрылтайшылық еткен сауықтыру-демалдыру шараларын жыл бойында жүргізу мақсатымен, сондай-ақ жарғылық міндеттерді жүзеге асыруға қосымша қаражат көзін табу мақсатында қызмет ететін «Тараз-Профсоюз-Турист» ЖШС коммерциялық мекемесі сауықтыру шараларын жылдағы дәстүр бойынша ерте көктемнен бастап кетті. Олардың алғашқылары ұстаздардың киелі Түркістанға іс сапарын ұйымдастырған болса, биыл елімізде өтіп жатқан «Астана-EXPO-2017» халықаралық көрмесіне кәсіподақ ұйымдарының бастамасымен қамтылатын сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелері және олардың отбасы өкілдері үшін жеңілдетілген түрде саяхат ұйымдастыру жұмысы кеңінен жүргізіледі. Барлығы кәсіподақ филиалдарынан жинақталған тапсырыс бойынша 886 білім саласының өкілі аталған көрмеге жолданады жобаланса, бүгінгі таңда білім саласының 794 өкілі-кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы мүшелері «Астана-Бурабай- EXPO-2017» туристік маршруты бойынша саяхатпен қамтылды.
Кәсіподақ мүшелерінің алда әлі бір айға жуық демалыс мерзімдері бар, сәйкесінше кәсіподақтардың өз мүшесіне деген қамқорлығы, демалдыру-сауықтыру шаралары да жалғасын табуда.
Ерұлан Мағзымбеков,
Кәсіподақтың Жамбыл облыстық
ұйымы төрағасының орынбасары.
Тараз қаласы.
-
Фотографии
-