
ТАРАЗДЫҢ ТӨРІНДЕ ӨТКЕН ТӨЛ МЕРЕКЕ
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымы Кәсіподақтар күнін ерекше атап өтті. Мерекеге сала ардагерлері, білім мекемелерінің басшылары мен кәсіподақ жетекшілері, кәсіподақтың жастар қанаты мен өнерпаздар жиналды. Жиын кәсіподақ туын автокөлікпен кәсіподақ үйіне салтанатты алып келумен басталды. Алғашқы болып кәсіподақтықтарды төл мерекелерімен құттықтаған Кәсіподақ төрайымы Гүлсін Орынбаева мен сала ардагері Келіс Дулатбаев мерекенің маңызына тоқталып, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуымен тұспа-тұс келіп отырғанын жақсылыққа жорыды.
- Еңбек адамының құқығын қорғау үшін құрылып, бір ғасыр бойында өз қызметін атқарып келе жатқан қазақстандық кәсіподақтардың қоғамдағы орны мен ел дамуына әр кезеңде қосқан үлесі зор. Егеменді еліміздің көркеюі мен қарқынды дамуы өз қызметін абыроймен атқарып жүрген Сіздер сияқты әріптестердің іргелі істері мен оңтайлы шешімдеріне байланысты. Кәсіби бірлігіміз бен кәсіби ынтымақтастығымыздың символына айналған мерейлі мереке құтты болсын!, - деді Гүлсін Орынбаева өз құттықтау сөзінде.
Мерекелік шарада кәсіподақ қатары тағы бір білім мекемесімен толықты. Жуырда ғана Жамбыл ауданында ашылған «Нұр-Әлім» балабақша ұжымы салтанатты түрде кәсіподақ қатарын толықтырды. Сала бойынша 788-ші болып ашылған бастауыш ұйымның ұжымына сәттілік тілеген Гүлсін Орынбаева 52 ұжым мүшесі бар балабақшаның бастауыш кәсіподақ төрайымына кәсіподақ билетін табыстап, жұмыстарына шығармашылық табыс тіледі.
Мерекелік жиын жастар қанатының флеш-моб акциясымен жалғасты. Кәсіподақ Әнұраны шырқалып, кәсіподақ және ЭКСПО эмблемаларын әуе шарларымен аспанға ұшыру, тегін заң кеңестері өтіп жатты. Саланың үздік қызметкерлері де марапаттан құр қалмады. Қала мектептерінің ұстаздарынан құралған КВН командасы да қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Шараға қатысушыларға кәсіподақ торты мен сусындар таратылып, мерекелік концерт өтті.
Перизат БАҚЫТ
-
Фотографии
-